Юлия Путинцева Цинциннати турнирінде ұтылып қалды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемнің 38-ракеткасы, қазақстандық Юлия Путинцева Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 24-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда америкалық спортшы 7:5 есебімен басым түсті. Ол екінші сетте де есесін жібермеді – 6:3.

Бір сағат 23 минутқа созылған кездесуде Киз 6 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Ю. Путинцева эйс те, брейк те жасай алған жоқ.

М. Киз екінші айналымда әлемнің 15-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен кездеседі. Ол осының алдында Торонто жарысының финалына дейін жеткен бразилиялық Беатрис Хаддад Майяны тізе бүктірді – 6:4, 6:4.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналым кезінде рейтингіде көш бастаған испаниялық Гарбинье Мугурусамен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жасөспірімдердің әлемдік рейтингіде жеке рекордтарына қол жеткізгенін, Даниил Медведевтің Astana Open ATP 500 турнирінің бірінші ракеткасы екендігін жазған болатынбыз.




Фото: www.sports.kz


Соңғы жаңалықтар