Ыстанбұлдағы жарылыс: Түркиядағы ірі терактілер хроникасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 қараша күні Ыстанбұлдың Бейоглу ауданындағы Истикляль жаяу жүргіншілер көшесінде жарылыс болды. Соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 80-нен астам адам жарақат алған. Оқиға орнына жеткен полиция жасақтары көшеде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге бірден кірісіп кетті.

Негізі бұл жарылыс - елдегі биылғы бірінші теракт емес. Мәселен, қыркүйек айының соңында Мерсиндегі полиция ғимаратына шабуыл жасалып, салдарынан бір адам қайтыс болған еді. Соңғы жылдары Түркияда терроризмге қатысты іс-әрекеттер саны біраз азайған еді. Мамандар оны түрік үкіметінің терроризммен күрес шараларын күшейтуімен байланыстырады. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елде 2020 жылы 152 лаңкестік қылмыстың жолы кесілген. Ал өткен жылдың тек үш айында 20-дан астам террорлық қылмыстың алдын алған. Дегенмен Түркияда соңғы он жылда жүздеген адам теракт құрбаны болды. Осының ішінде ең ірі оқиғаларға шолу жасап көрдік.

6 адам қаза тауып, 80-нен астам адам жарақат алды

Anadolu агенттігінің мәліметінше, кеше, яғни 13 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 16:20-да Ыстанбұлдың Бейоглу ауданындағы Истикляль көшесінде жарылыс болды. Оқиға орнына жедел жәрдем, құтқарушылар, қауіпсіздік күштері мен AFAD бригадалары дереу жөнелтілген.

Қазіргі таңда жарылыс болған аумақта жедел-тергеу тобы жұмысты аяқтады. Полиция Истикляль көшесі мен Таксим алаңын жауып тастаған, көлік пен жаяу жүргіншілер кіре алмайды. Сонымен бірге Таксим Джумхуриет көшесіндегі Сисли-Тарлабаши бағытындағы жерасты өткелі мен Ункапани (Ататүрік) көпірі де көлік қозғалысы үшін уақытша жабылды.

Фото:instagram.com/ekippolishaber0707

Индонезияға сапарының алдында жиналыс өткізген Түркия президенті Ердоған: «Мүмкін мұны терроризм деп айтқан дұрыс емес шығар, бірақ губернатордың оқиғаға қатысты берген алғашқы ақпараты осы күдігімізді растап отыр», - деді.

«Қазіргі уақытта шабуылды әйел адам жасады деген болжам бар»,-деп атап өтті Түркия президенті.

Ал вице-президент Фуат Октайдың айтуынша, осы уақытқа дейін 6 адам қаза тапты, оның 4-еуі оқиға орнында қаза тапса, 81 адам жарақат алған. Олардың екеуі - ауыр халде.

Октай президент Ердоғанның сөзін қуаттап: «Біз әзірге жарылысты әйел жасады деген ойдамыз және террорлық әрекет деп есептейміз», - деді.

Ыстанбұл бас прокуратурасы жарылысқа қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Жарылысқа жайлы барлық бейне және аудио жаңалықтарды таратуға тыйым салынды.

Фото:instagram.com/ekippolishaber0707

Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға жолдаған жеделхатында Ыстанбұл қаласындағы жантүршігерлік лаңкестік әрекеттің салдарынан жазықсыз адамдардың құрбан болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

«Осындай қиын сәтте бауырлас түрік азаматтарының қайғысына шын ниетімізбен ортақтаса отырып, Cізге және жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын»,-деп жазылған жеделхатта.

Полиция ғимаратына шабуыл жасалды

Бұл биылғы бірінші теракт емес екенін айтып кеттік. 2022 жылғы 27 қыркүйекте Түркияның Мерсин қаласында жергілікті полиция ғимаратының жанында жарылыс болды. Белгісіз үш адам тәртіп сақшыларының киімін киіп, полиция ғимаратына кірмек болған. Полицейлер оларды ұстамақ болған кезде атыс басталған.

Фото:alldaily.ru

Оқиға орнына көлікпен жанкешті әйел келеді. Ол көліктің ішінде қолдан жасалған жарылғыш зат болған. Полиция оны ұстамақ болып, оқ жаудырғанда, снаряд жарылды. Жарылыс салдарынан бір полицей қаза тауып, екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Жергілікті билік терактіні үш адамның (бір ер мен екі әйел адамның) жасағанын айтып отыр. Бірінші әйел көлікте жарылып кеткен, ер адам бірден қамауға алынса, екінші әйел әлі іздестіріліп жатыр. Сондай-ақ көліктегі жарылғыш зат қашықтан басқару арқылы жарылғаны анықталды.

Соңғы жылдары Түркияда болған ірі терактілер

2015-2016 жылдары Түркияда бірнеше рет теракт жасалған еді. Небәрі екі жыл ішінде 20-дан астам лаңкестік әрекет жасалып, 400-ден астам адам қаза тапты.

Фото:© ТАСС/EPA/DICLE NEWS AGENCY

2015 жылдың 20 шілдесінде Түркияның Суруч қаласында (Сириямен шекаралас, Шанлыурфа провинциясында) теракт жасалды. Салдарынан 32 адам қаза тауып, 100-ге жуық адам жараланды. Жарылыс Амара мәдени орталығы ғимаратының кіреберісіне жақын жерде болған. Ол жерде Социалистік жастар қоғамдары федерациясының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп жатқан еді. Оның негізгі тақырыбы Сирияның Кобани қаласын ДАИШ («Ислам мемлекеті», Қазақстанда тыйым салынған ұйым) лаңкестік тобынан азат ету еді, ол қалада негізінен күрдтер тұратын. Аталған жастар ұйымы Кобаниді лаңкестерден азат етуге Сирияға бармақ болған. Осы баспасөз мәслихаты өтіп жатқан кезде 20 жастағы Түркия азаматы Абдурахман Алагөз өзін жарып жіберді. Оның бұрын Сирияда ДАИШ жағында соғысқаны белгілі болды.

Фото:© ТАСС/EPA/DICLE NEWS AGENCY

2015 жылдың 10 қазаны – Түркия тарихындағы ең қаралы күндердің бірі. Дәл осы күні Анкарадағы орталық теміржол вокзалына апаратын эстакаданың жанында екі жарылыс болып, салдарынан 100-ден астам адам қаза тапқан еді. Онда кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері бейбітшілікті қолдау және күрд лаңкестерінің әрекетіне қарсы митингіге қатысу үшін жиналды.

Фото:© AP Photo/Burhan Ozbilici

Тергеу мәліметтері бойынша, жарылыстарды жанкештілер жасаған, олардың әрқайсысы бес келі тротилы бар бомбаны жарған. Ел тарихындағы ең қанды оқиғаға айналған бұл лаңкестік әрекеттің салдарынан 102 адам қаза тауып, 300-ден астамы ауруханаға жеткізілді. Шабуылды жасағандардың бірі 2015 жылы 20 шілдеде Шанлыурфа провинциясында өзін-өзі жарып жіберген жанкештінің ағасы Юнус Эмре Алагөз болды. Ал 2018 жылдың 3 тамызында Түркия соты терактіге қатысты іс бойынша тоғыз айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Фото:© AP Photo/Burhan Ozbilici

2016 жылы 17 ақпанда Анкарада түрік қарулы күштерінің қызметтік автобусының жанында бомба орнатылған көлік жарылды. Шабуыл салдарынан 28 адам қаза тауып, 61 адам жараланған. Қаза тапқандар мен жараланғандардың көпшілігі түрік қарулы күштерінің өкілдері, оның ішінде офицерлер де бар. Түркия билігі бұл шабуылға сириялық күрдтердің YPG мүшесі жауапты екенін айтты. Шабуылды «Күрдістан еркіндік сұңқарлары» өз мойнына алған еді.

Фото:© REUTERS / Ihlas News Agency

2016 жылы 13 наурызда Анкараның басты көшесі Ататүрік бульварындағы автобус аялдамасына жақын жерде бомба орнатылған көлік жарылды. Жарылыс салдарынан 37 адам қаза тапты, 125 адам жарақат алды. Түркия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шабуылды жасағандар Күрдістанның Жұмысшы партиясымен байланысы бар екі түрік азаматы. Олардың бірі - 1992 жылы туған Сехер Чагла Демир есімді әйел. Шабуылды «Күрдістан азаттығы сұңқарлары» тобы өз мойнына алды.

Фото:AFP

2016 жылдың 28 маусымында Ататүрік халықаралық әуежайының (Ыстанбұл, Түркия) жолаушылар терминалының әртүрлі жерінде үш жанкешті өзін-өзі жарып жіберді. Теракт салдарынан 45 адам қаза тапты, оның 19-ы - шетелдіктер. 240-қа жуық адам жарақат алды. 30 маусымда Түркияның Ішкі істер министрі Эфкан Ала Парламентте сөйлеген сөзінде «қолда бар мәліметтер шабуылды ДАИШ («Ислам мемлекеті») тобы жасағанын дәлелдейді» деп айтқан еді.

Фото:AFP

2016 жылдың 20 тамызында Түркияның оңтүстігіндегі Газиантеп қаласында жанкешті үйлену тойы кезінде өзін-өзі жарып жіберді. Салдарынан 57 адам қаза тапты (оның 34-і 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер), тағы 66 адам жарақат алды. Жанкешті 12-14 жаста болған. Бұл шабуылды ешкім мойнына алған жоқ.

Фото:tanea.gr

2016 жылы 10 желтоқсанда Ыстанбұлда Vodafone Arena стадионының солтүстік-батыс жағына жақын жолда жарылғыш зат толтырылған көлік жарылды. Арнайы полиция автобусы өтіп бара жатқанда жарылғыш құрылғы қашықтан іске қосылды. 45 секундтан кейін жанкешті стадион жанындағы саябақта өзін-өзі жарып жіберді. Салдарынан 29 адам қаза тапты, оның 27-сі полиция қызметкері. 166 адам жарақат алды.

Фото:ria.ru

2017 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Ыстанбұлдың Ортакөй ауданында түнгі клубта болған теракт салдарынан 39 адам қаза тапты, оның 16-сы -шетелдіктер. Белгілі болғандай, шабуылды Өзбекстан тумасы Абдулғадир Машарипов жасаған, ол көп ұзамай Ыстанбұл аудандарының бірінде ұсталған. Шабуыл үшін жауапкершілікті ДАИШ лаңкестік тобы өз мойнына алды. Кейін өзбекстандық Абдулғадир Машарипов 40 рет өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына және қосымша 368 жылға сотталды.

Фото:bbc.com

Жалпы содан бері Түркияда мұндай ауқымдағы ірі террорлық іс-әрекеттер болған жоқ. Ақпарат көздеріне сүйенсек, түріктің құқық қорғау органдары жылына жүздеген терактінің жолын кескен. Оның үстіне мамандар соңғы жылдардағы жаһанды жайлаған пандемияның да әсері болуы мүмкін екенін айтып отыр.


Басты фото:cdn.futuready.com


Соңғы жаңалықтар