Ыстанбұлдағы қандастар Тәуелсіздік күніне орай бас қосты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркия қазақтары құрған ұйымдардың бірі – Қазақкент Алтай қауымдастығының ұйытқы болуымен қазақ диаспорасы Ыстанбұлда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өткізді.

Қандастарымыздың күшімен және Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қолдауымен өткізілген іс-шара мерекелік концертпен басталып, қонақтарға ұлттық тағамдардың ұсынылуымен жалғасты. Сондай-ақ, шара аясында Ыстанбұлдағы жас қандастар футболдан жарыс өткізді.

Ыстанбұл қазақтарының басқосуында Бас консул Әлім Байел диаспораның белсенді өкілдеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Жырақта жүрсе де, атажұрттың азаттығы мен өркендеуіне қашан да тілектес болып жүрген алыстағы ағайын Қазақ елінің өздеріне көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, айтулы мерекені қандастармен тойлау аясында Бас консул Ә. Байел қазақ диаспорасы құрған тағы бір ұйым – Қожа Ахмет Ясауи ғылым және парасат қорында диаспора өкілдерімен кездесіп, Тәуелсіздік және қазақ-түрік ынтымақтастығы жөнінде әңгіме құрды.

Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, алып шаһарда жыл басынан бері бірталай шара өтті. Атап айтқанда, Абай алаңы мен ескерткіші ашылып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кіші құрылтайы өтті. Сонымен қатар, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған күміс естелік монета басылды. Бұдан бөлек, Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақ ашылды. Қазақтың өнері мен мәдениетін, еліміздің әлеуетін таныстыру мақсатында Тәттімбет атындағы оркестрдің концерті, «Ұлытау» тобының концерті, «Алатау» театрының «Алтыбақан» ойын-сауық кеші, «Томирис» және «Қазақ хандығы» фильмдерінің көрсетілімі, «Ордалы елдің 30 жылы» жетістіктер көрмесі, «Тәуелсіздіктің 30 жылы және инвестициялық мүмкіндіктер» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қазақстандық студенттердің слёты өтіп, Ыстанбұлда білім алып жатқан жастардың «Бірлік» ұйымы құрылды.


Соңғы жаңалықтар