Ыстанбұлда түркі мемлекеттерінің БАҚ саласындағы ынтымақтастығы талқыланады

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ақпарат және БАҚ-қа жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының төртінші отырысы өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат «Anadolu» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шараны Түркия президенті әкімшілігінің байланыс бөлімі ұйымдастырып отыр. Мақсат – түркі мемлекеттері арасында БАҚ және коммуникация саласындағы ынтымақтастықты дамыту. Күн тәртібінде аталған салалардағы бірлескен зерттеулер мен жобалар қаралмақ.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жиын қатысушыларына бейнеүндеу жолдайды деп жоспарланған.

Кездесуге Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев, Түркия президенті әкімшілігі байланыс кеңсесінің меңгерушісі Фахреттин Алтун, Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиев қатысады.

Сонымен қатар, отырысқа ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Венгрия Сыртқы істер және сауда министрлігінің қауіпсіздік саясаты жөніндегі мемлекеттік хатшысы Петер Штарай, Өзбекстан президенті әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев, Қырғызстан Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар департаментінің директоры Салқын Сарногоева, Түрікменстанның Анкарадағы елшісі Ишанкули Аманлыев қатысады.

Іс-шараға ресми делегациялардан бөлек, түркі әлемінің БАҚ және коммуникация институттарының басшылары, сарапшылар, өнер қайраткерлері, ғалымдар мен коммуникация факультеттерінің студенттері де қатысады.

Қатысушылар цифрлық технологиямен жабдықталған стендтер мен фойеде Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы және бақылаушы елдердің бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс мекемелерінің қызметі туралы ақпарат ала алады.

Еске салсақ, Орталық Азия елдерінде қазақстандық ЖОО филиалдары ашылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар