Ыстанбұл мэрі Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Түркияның Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлу Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«16 млн сайлаушыларыммен бірге бауырлас Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Екі мемлекет болсақ та, өзімізді бауырлас халықтар ретінде көретініміз бізді өте бақытты етеді. Қазақстанның Тәуелсіздік алуы біз үшін өте қуанышты оқиға болды. Мен ол кезде университет студенті едім. Сол кезде бәріміздің қуаныштан төбеміз көкке жеткендей еді. Түркия - Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш таныған мемлекет. Осылайша, Түркия дұрыс және оң қадам жасады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты және Тәуелсіздікке қол жеткізуге себепкер болған барлық адамдарды бүгінгі керемет күн - Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтаймын. Достармызды Ыстанбұлға және елімізге шақырамыз. Осы достығымызбен түрлі бағыттағы байланыстарымызды, жұмыстарымызды нығайта береміз деп ойлаймын», - деді қала басшысы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертте.

Айта кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығы Түркияның бірнеше қаласында тойланды. Тәуелсіздік тойы 11 желтоқсанда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ресми қабылдауымен басталды. Ресми қабылдауға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі мен «Қорқыт ата» көне аспаптар саз тобы арнайы келді.

50-ден астам қазақстандық өнерпаз Анкара, Ниде, Бурса, Ниде, Сакария және Түркияның ең танымал туристік аймағы - Каппадокияда өнер көрсетті және соңғы концерт бүгін Ыстанбұл қаласында өтті.

Концертте Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Ыстанбұл мэріне қобыз бен қамшы сыйлады.


Соңғы жаңалықтар