Ыстамбұлда өтетін Түркі тілдес мемлекеттердің 10-ы саммитінде Мемлекет басшылары Нахчыван келісімін қабылдау мәселесін талқылайды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қыркүйектің 16-сында Ыстамбұлда өтетін Түркі тілдес мемлекеттердің 10-ы саммитінде Мемлекет басшылары Нахчыван келісімін қабылдау мәселесін талқылайды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, отырыс барысында комитет мүшелері «Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын талқылаған болатын.

«Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың бастамасын Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы құжатқа Әзірбайжанның Нахчыван қаласында қол қойылған болатын. Бүгінгі уақытта атылмыш келісімді Әзірбайжан Республикасы 2009 жылы қарашаның 26-сында, ал Түркия 2010 жылғы шілденің 15-інде ратификациялаған болатын. Сонымен бірге, Нахчыван келісімін қабылдау барысы туралы мәселе ағымдағы жылғы қыркүйектің 16-сында Ыстамбұлда өтетін Түркі тілдес мемлекеттердің 10-ы саммитінде Мемлекет басшыларымен талқыланады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев.

Тоқтала кететін жайт, Елбасы ұсынған осы келісімді Әзірбайжан мен Түркия мемлекеттері қабылдаған. Ал құжатқа сәйкес, үшінші мемлекет қабылдағаннан кейін келісім бірден күшіне ене береді. Заң жобасы Парламент Сенатының жалпы отырысына шығарылады.

Соңғы жаңалықтар