Ыстамбұлда «Кемелденген Қазақстан» атты ғылыми-практикалық конференция өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Ыстамбұлда Қазақстанның бас консулдығының ұйымдастыруымен «Кемелденген Қазақстан» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Үшінші рет өткізіліп отырған аталған шарада Түркияның әртүрлі қалаларында жоғары білім алып жатқан қазақстандық студенттер дайындаған жобалары бойынша баяндамалар жасап, қазылар назарына ұсынды.

Қазылар құрамында Түркиядағы қазақ ғалымы, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, Қазақстанның Ыстамбұлдағы консулы Асхат Дәуітов және Түркия-Қазақстан достық қоғамының төрағасы, Ізмир қаласының құрметті консулы Мәуліт Өзкиши болды.

Ғылыми-практикалық конференцияның басты мақсаты - Түркияда оқып жатқан қазақ жастарын білімге және ғылымға баулу болатын.

Конференция барысында Альбина Әтен «Дүниеде өлім жазасын болдырмау үдерісі» тақырыбына тоқталса, Сайын Жадыұлы «Қазақстанның дамуына ішімдік, шылым және нашақорлықтың әкелетін зардаптар», сондай-ақ осыған тосқауыл қою жолдары жөнінде өз ойымен бөлісті. Ыбраһим Ибаділлаев «Кітап және қоғам» тақырыбындағы баяндамасында елімізде жас ұрпақтың кітап оқуға қызығушықғын арттыру шаралары тұрғысында сөз етті. Ләззат Әуесова еліміздің тарихына үңіліп «Алаш партиясының құрылуы. Қазақ зиялылары және олардың отбасына төнген әділетсіздік» туралы әңгімеледі. Ал Анар Бейісбекова «Қазақстандағы мата және киім өндірісін дамыту» жөніндегі еліміздің өзекті мәселелерінің біріне баяндама жасап, жүлделі екінші орынға иеленді.

«Кемелденген Қазақстан» атты ғылыми-практикалық конференциясында Жақсылық Әкімов «Этникалық туризм және Қазақстанда киіз үй бейнесіндегі ұлттық отельдің жобасын» ұсынып, бас жүлдені жеңіп алды.

Жүлдегерлер «Эйр Астана» ұшағымен бір рет Отанына тегін бару мүмкіндігіне ие болды. «Бұл өз кезегінде, осындай конференцияларға жастарымызды белсеңді қатысуға ынталандыра түседі. Сондай-ақ озық жобаларымызды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне де жіберіп, арнайы кітапша ретінде басып шығаруды көздеп отырмыз», - деді Асхат Дәуітов.

Ыстамбұлдағы Қазақстанның бас консулдығы студенттерге жан-жақты қолдау көрсетіп, тығыз қатынаста бірлесе жұмыс істеуде. Бұл конференцияның дәстүрлі түрде жыл сайын өтуі - осының айғағы.

Соңғы жаңалықтар