Ыстамбұлда Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтілді

None
None
СТАМБҰЛ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Кеше Ыстамбұл қаласының «Полат Резиденс» отелінде ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына байланысты салтанатты дипломатиялық кеш болып өтті.

Аталған шараға Ыстамбұл губернаторы Хусейн Авни Мутлу, «Turkish Airlines» компаниясының директоры Хамди Токчу, «Диалог Еуразия» Платформасының теңтөрағасы Харун Токак, Ыстамбұлда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшылары, Түркияның қоғамдық-саяси, ғылыми-академиялық және іскер топтарының, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада алғашқы сөз кезегін алған ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулы Асқар Шоқыбаев, еліміздің тәуелсіздігін алғаш боп таныған бауырлас Түркия Республикасымен жан-жақты байланыстардың қарқынды дамуын айтып, келешекте де бұл ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына сенім білдіріп, келген қонақтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев өз сөзінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен 20 жылдық даму кезеңінде Қазақстанның қол жеткізген орасан зор табыстарын атап, Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет және басқа салалардағы жетістіктері, сондай-ақ Түркиямен стратегиялық әріптестік деңгейінде дамып отырған ынтымақтастық туралы баяндап, қазақстан-түрік қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығын және достығын дамыту» медальдарын кешке қатысқан көрнекті қайраткерлерге табыс етті.

«Диалог Еуразия» Платформасының теңтөрағасы Х. Токак, Қазақстанның өркендеуі мен 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың достық пен татулықта өмір сүруі, ол тікелей Елбасы Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты мен еңбегінің арқасында екенін баса айтты.

Ыстамбұл қаласының губернаторы Х.А. Мутлу, бауырлас қазақ халқын төл мерекелерімен құттықтап, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі жетістіктерін айтып, екі елдің жан-жақты байланыстардың дамуы болашақта да белсеңді болатынына сенім білдірді.

Салтанатты қабылдау халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, опера әншісі Береке Еңкебаева, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, еліміздің танымал «JCS» және «ДАРА» тобының концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар