Ыстамбұлда 2 күнге созылған Дүниежүзілік түркі форумы болып өтті

None
None
СТАМБҰЛ. Қазанның 24-і. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Қазан айының 22-23-і аралығында Ыстамбұлдың Джевахир конгресс орталығында Түрік-Азия Стратегиялық зерттеу орталығының (TASAM) ұйымдастыруымен «Түркі кеңесі, түркі диаспорасы және әлеуметтік-экономикалық әріптестік» тақырыбындағы Дүниежүзілік түркі форумы болып өтті. Аталған шараға 60 елден академик-ғалымдар, зиялы қауым мен түркі диаспорасы өкілдері бас қосты.

Форумда «Түркі әлеміне ғаламдық және аймақтық проблемалардың әсері», «Түркі дүниесінің мемлекеттік емес ұйымдары және олардың даму проблемалары», «Мемлекеттік емес ұйымдардың білім, ғылым және мәдениет саласындағы рөлі мен ынтымақтастық», « Ұлтаралық алауыздық және түркі диаспорасы», «Түркі мәдениеті және мәдениетаралық диалог» сияқты тақырыптар талқыланды.

Дүниежүзілік түркі форумында сөз алған Түркітілдес мемлекеттер ықпалдастық кеңесінің Бас хатшысы Халил Акынджы, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында құрылған бұл кеңестің басты мақсаты, түркітілдес мемлекеттерін біріктіру әрі ынтымақтастығын нығайту екендігін айтып өтті.

Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бағдат Әміреев өз сөзінде, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың идеясы болған Түркі кеңесі түркі дүниесі мен түркітілдес халықтардың мүддесін қорғап, түркі дүниесінің ықпалдастығын дамытатын алғашқы халықаралық ұйым және маңызды тетік екендігін баса айтты.

«Ұланғайыр түркі кеңістігінде бір басқару тетігінің болуы жеткіліксіз, оған көмектесуге бауырлас ұйымдар қажет. Түркітілдес мемлекеттер Ықпалдастық кеңесінің құрылу себебі де осында.Жаһандану дәуірінде түркі жұрты арасындағы өзара қарым-қатынасты орнатып одан әрі дамуында түркі диаспорасының ролі зор», - деді Түрік-Азия Стратегиялық зерттеу орталығының (TASAM) төрағасы Сүлейман Шенсой.

Өткен жылғы Нахичыван Саммитінен соң биыл 15-16 қыркүйекте Ыстамбұлда жасалған Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы саммиті түркі халықтарының қазіргі заманғы саяси тарихындағы маңызды оқиға болды. Бұл саммиттер түркі халықтары арасында саяси және мәдени байланыстардың күшеюіне үлкен әсерін тигізгендігі айтылды.

Саммиттердің қорытынды декларацияларында ТҮРКСОЙ-лың іс-шараларына оң баға беріліп, ұйымның болашақтағы жоспарларына көмек көрсетілуі керектігі баса айтылған болатын.

«Көп ұзамай қоғамдық ұйымның бұл кездесуді ұйымдастыруы өте орынды болды деп есептеймін. Саммиттерде алынған қарарлар бәрімізге өте маңызды міндеттер мен жауапкершілік жүктейді деген ойдамын. Еуропада, Орта Шығыс, Ресей және тәуелсіз түркі республикаларынан келген, әлемнің басқа да көптеген жерлеріндегі түркі халықтарының атынан жиналған өкілдердің басын қосқан бұл форум проблемаларды талқылайтын жиын ғана емес, бірлесіп ортақ жоспарлар бекітетін және нақты істерге көшетін бастау болатынына сенемін», - деді өз сөзінде «ТҮРКІСОЙ» Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының Бас хатшысыДүйсен Қасейінов.

Түркі халықтарының бай мәдениетін тек қана түркі әлемінде емес, бүкіл дүниежүзінде насихаттау мақсатында ТҮРКІСОЙ жаңа жобалар бастаған болатын. Атап айтқанда, биылғы жылы Наурыз мерекесі бірінші рет Парижде ЮНЕСКО штаб-пәтерінде және Страсбургте ресми түрде тойланды. ТҮРКІСОЙ-ға мүше алты мемлекеттің 250 өнерпазы қатысып, бір тілде орындаған, өткен жылы Бішкекте, Алматыда, Анкарада және Бакуде сахналанған «Көрұғлы» операсы биыл Бірінші Стамбұл опера фестивальінде 2010 жылғы Еуропа мәдениеті астанасында қойылды.

Ұйымға мүше 8 мемлекеттен келген 19 жас өнерпаздың қатысуымен құрылған ТҮРКІСОЙ камералық оркестрі осы жылдың тамыз айында Германияда Вагнер фестиваліне қатысты.

7 қазан күні Страсбургте Европа Кеңесі ғимаратында ТҮРКІСОЙ сурет көрмесі және ТҮРКІСОЙ квартет концерті ұйымдастырылды. Сонымен қатар алдағы жылы Наурыз мерекесін Нью-Йорктағы БҰҰ штаб-пәтерінде тойлауға байланысты дайындықтар жасалуда.

«Бұл мәдени шараларды біз ЮНЕСКО, Еуропа Кеңесі, ИСЕСКО және ТМД- дағы халықаралық гуманитарлық ұйымы қоры сияқты мақсаттас және мұраттас ұйымдармен әріптестікте жасаудамыз. Ұйымымыз халықаралық ынтымақтастық аясында өткізген осы шаралары арқылы бір жағынан түркі мәдениетінің насихатталуына қызмет етсе, екінші жағынан мәдениеттердің жақындасуына және бейбіт дамуға да ерекше үлес қосуда. Түркі республикаларының экономикалық және саяси мүмкіндігі артқан сайын мәдени әріптестік ынтымақтастық да күшейе түсетіні анық. Түркі тілдес мемлекет басшыларының тарапынан құрылған Түркі Кеңесінің қолдауымен ТҮРКІСОЙ-дың іс-шаралары бүгінгісінен де жоғары сапаға көтеріледі деп сенемін», - деді Д.Қасейінов.

Соңғы жаңалықтар