Ыстамбұл төрінде алты ел театры бірлесе отырып, " Көрұғлы" операсын сахналады

None
None
СТАМБҰЛ. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Кеше Ыстамбұлда «Халыч конгресс орталығында» «ТҮРКІСОЙ» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы «Көрұғлы» операсы қойылымын дайындап, өнер сүйер қауымының назарына ұсынды.

Әзірбайжан халқының белгілі композиторы Узеир Гаджибековтің «Көрұғлы» операсының қойылымын тамашалауға Түркия Президенті аппаратының басшысы Мұстафа Исен, Ыстамбұл қаласының әкімі Кадир Топбаш, Түркияның, Қырғызстанның және Әзербайжанның мәдениет министрлері қатысты.

Өткен жылы ТҮРКІСОЙ-дың ұйымдастыруымен «Көрұғлы» опералық спектаклінің алғашқы қойылымдары Алматы, Анкара, Бішкек және Баку қалаларында өтті.

Үстіміздегі жылы Ыстамбұлдағы Халықаралық опера фестивалінің қойылымдары түркітілдес халықтардың өмірі мен мәдениеті тақырыбымен ерекшеленді.

Бұл халықаралық ірі жобаны, бұрын консерватория ректоры, Қазақстан Республикасының мәдениет министрі болған, қазіргі «ТҮРКІСОЙ» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов басқарып іске асырды.

Сонымен қатар, аталмыш жоба ұжымы Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің опера және балет дирекциясының көмегімен, оркестр -Әзірбайжан мәдениет министрлігінің қолдауымен, хор - Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігінің арқасында құрылды.

Айта кетерлігі, «Көрұғлы» операсының әзірлік шаралары Қазақстанның елордасы - Астанада өткізілді.

«Көрұғлы» - түркі операсы мәдениеті шыңдарының біріне айналған қойылым, оны Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Башқұртстан, Татарстан сияқты елдердің 6 театрынан 250 әртіс ауқымды түрде бірлесіп сахналады.

Аталған қойылымның бас рөлдерінде Көрұғлыны - Қырғызстаннан Садық Жұмашев орындаса, Нигар рөлін - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жеке орындаушысы Гүлзат Дауырбаева сомдап, ерекше көзге түсіп, бұл спектакльдің жарық жұлдызындай өнер сүйер қауымды баурап алды.

Сондай- ақ Эйваз рөлінде Йолдош Исраилов (Қырғызстан), Сойтары бейнесінде Түркияның Эмрах Сезен сияқты опера сахнасының жұлдыздары көрермендердің жылы ықыласына бөленіп, өнерлерімен тамсандырды.

К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының негізінде құрылған хорды Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген қайраткері, бас хормейстер Ержан Дауытов басқарып, қоюшы режиссердің қойған мақсаттарын жоғары деңгейде атқарып шықты.

«ТҮРІКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасеинов өз сөзінде мұндай көпұлтты ауқымды жоба тек түркітілдес елдері аймағында ғана емес, жалпы еуропа елдер төңірегінде де болған емес екендігін атап өтті.

«Сонымен қатар «Көрұғлы» бүкіл түркі жұртшылығының бай мәдени мұрасының бөлшегі болып, түркітілдес халықтардың ортақ қаһарманы саналатын, ұлттық музыка негізінде жазылған баршамызды біріктіретін туынды деп айта аламын», - деді Дүйсен Қасеинов.

Түркияның мәдениет министрлігінің тарапынан «Ыстамбұл-Еуропаның мәдениет астанасы 2010» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бірінші халықаралық опера фестивалінің жабылу рәсімін өткізу «ТҮРКІСОЙ» халықаралық ұйымының еншісіне тиіп, олар бұл істі абыроймен атқарып шықты. Опера өнерінің майталмандары кең көлемді қойылымды қалың көрерменге ұсынып, өнер сүйер қауымның көңілінен шықты.

«Көрұғлы» операсының негізіне 16-шы ғасырдың соңғы жартысындағы түркі халықтарына ортақ көне эпос алынған. Ол Таяу Шығыс, Кавказ, Орта Азия және Қазақстан жерінде мол тараған. «Көрұғлы» жырын әр кезеңде қазақтың Абыл, Нұрым, Мұрын, Қали Өтешұлы, Нақып Қазақбай, Нұрпейіс, Жамбыл сынды атақты жыраулар, жыршылар, ақындар жырлады.

Соңғы жаңалықтар