Ыстамбұл қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 19 жылдық мерекесі атап өтілді

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат / Ирина Дынникова / -Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Республикасының Бас Консулдығы мен Қазақстан Достық қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген салтанатты шарада

Түркияның түрлі қалаларында тіршілік кешіп жатқан қазақ диаспорасының өкілдері мен Түркияның жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттері бас қосты.

Аталған мерекелік шара қазақ студенттері арасындағы «V Желтоқсан Кубогы» атты дәстүрлі достық футбол матчымен басталған болатын. Оның соңы Джем Қараджа атындағы Ыстамбұл мәдени орталығындағы ұйымдастырылған концерттік-cазды бағдарламаға ұласты.

Мерекелік басқосуға арнайы келіп, сөз кезегін алған Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған егемендікке жету жолының қиындығын еске салып, арман еткен тәуелсіздікке 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткізіп, егемен ел атанғандығын баяндай келе, Түркия мемлекеті мен Қазақстан арасындағы халықаралық, достық, ынтымақтастық қарым-қатынасына ерекше назар аударды.

Елші өз сөзінде Түркия елі Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып танығандығын, бұл өз кезегінде біздің мемлекеттеріміздің шынайы бауырластығының куәсі екендігін айтты.

Мерекелік шара соңында аталмыш салтанатты бағдарламаны ұйымдастырған «Қазақстан Достық» қоғамының төрағасы, Ізмир Құрметті Консулы Мевлүт Өзкіші алғысхатпен марапатталды.

ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулдық кеңесшісі Асхат Дауытов «Желтоқсан Кубогы» футбол турнирінің нәтижелерін жариялады, ал Жансейіт Түймебаев I-орынды еншілеген Ыстамбұл университеті, II- орын алған Фатих университеті, III-орынды иемденген Сакария университеті командаларына медальдар мен грамоталар табыс етті.

Соңғы жаңалықтар