Ыс тиюден сақтайтын датчиктерді қайдан және қаншаға сатып алуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ысты газ туралы ескертетін датчиктерді қайдан және қаншаға сатып алуға болады? Бұл сұраққа елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Датчиктерді базарлардан, дүкендерден тауып алуға болады. Нақты қайда сататыны туралы мәліметті жергілікті департаменттер мен басқармалардан біліп алу керек. Өндірушілеріне қарай датчиктердің бағасы 4-10 мың теңге аралығында», - деді Владимир Беккер.

Комитет төрағасының айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін үйлерге орнатылған датчиктердің қызметтеріне тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, осы құрылғы белгі беріп, үй иелерін қауіптен сақтап қалудың ондаған жағдайы Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

«Яғни, мұндай құрылғылардың нақты пайдасы баршылық. Бірақ, кейде қызық жағдайларды кездестіріп жатамыз. Үйлерге датчиктерді орнатып кетсек, қауіптен ескерткен әлгі құрылғының дауысынан адамдардың мазасы қашып, оны өшіріп тастаған көрінеді. Әйтсе де, датчиктер сізді толықтай қауіптен сақтайды деген әңгіме жоқ. Барлық қауіпсіздік ережелерін ұстану керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар