Ырғыз-Торғай табиғи резерватында аң-құсты тамашалап, балық аулауға болады

None
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының экологиялық-ақпараттық және туризм бөлімі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында үш экологиялық туристік маршрут бар. Мұнда табиғаттың тамашасын көру үшін жай жолмен жүріп, өзен жағасында тынығуға болады. Инфрақұрылым жоқ. Туристік маршрутты резерват қызметкерлері 1 маусымнан 1 желтоқсанға дейін ұйымдастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының аумағы мемлекеттің қатаң бақылауында. Бұл аумаққа кез келген адам кіре алмайды.

Туристік компаниялармен арада келісім жоқ. Сондықтан тек мемлекеттік мекеменің ұсынған турмаршрутын таңдағаныңыз дұрыс.

Қазіргі уақытта Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында үш туристік маршрут бар. Олар - 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Малайдар көлдер жүйесі туристік маршруты, 2020 жылы ашылған «Торғай-Нұра» туристік-экскурсиялық соқпағы және 2022 жылы ашылған «Шалқар-Тебіз» туристік-экскурсиялық маршруты.
«Барлық маршруттың пайдалану мерзімі 1 маусым айынан басталып, 1 желтоқсан айына дейін жалғасады. Аумаққа кіру құны бір адамға 1271 теңге. Оның 463 теңгесі экскурсия жүргізуге, 463 теңгесі жолсерік қызметіне, ал 345 теңге салық үшін есептелген. Мұнда әзірге автобус жоқ. Туристер резерват аумағында жеке көліктерімен кіре алады», - деп хабарлады «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» РММ экологиялық ақпараттық және туризм бөлімі.
Шатырды жалға алу - 199, жатын қап - 306, қайық - 606, көлік ұсыну - 9150 теңге деп бекітілген.

Малайдар көлдер жүйесі туристік маршруты

Резерваттың экологиялық-ақпараттық және туризм бөлімінің мәліметіне сүйенсек, «Малайдар» көлдер жүйесі туристік маршруты табиғи резерват пен Торғай зоологиялық қаумалы аумағында орналасқан.

Аптасына 6 адамды қамтитын бір топты қабылдай алады. Айына 4 топ, яғни, 24 адамға қызмет көрсетуге болады. Есептесек, әр маусымда 24 топ, яғни, 144 адам қабылдайды.

Малайдар көлдер жүйесі (атпен, автокөлік, кейде аралас) туристік маршруттардың ұзақтығы барлығы - 297,3 км.
Оның ішінде: автокөлікпен 240,5 км, атпен 34 км, жаяу 12,4 км, қайықпен 10,4 км. Жалпы уақыты - 6 сағат 30 минут.
«Саяхаттаушылар Ырғыз селосынан 64 км қашықтықта орналасқан Малайдар көлдер жүйесі маршрутына барар жолда жазықты кең даладағы Маңтөбе жерінен өтеді. Тарихқа сүйенсек, Әбілқайыр хан мен орыс патшасының елшісі Тевкелев 1731 жылғы осы аталған Маңтөбеде қол қойған. 1981 жылы осы жерге «Хан тағы» ескерткіш тақтасы орнатылған. Әрі қарай XIX ғасыр аяғында салынған сәулет өнерінің ескерткіші Алмат тамы мавзолейін көруге болады. Одан әрі Сасықкөл көлдер жүйесін, оған іргелес орналасқан құм жоталарды, сол жоталар ортасында өсіп шыққан қос теректі, ұзынкөл көлдер жүйесінен өтіп, маршрут бойындағы аялдау орындарына келіп жетеді. Мұнда туристер өз қалауы бойынша жаяу жүреді немесе қайықпен Малайдар, Асабай, Тайпақ көлдерін және оларды жалғап жатқан өзектер бойымен серуендейді, қамыс арасындағы жасырын бақылау алаңдары арқылы көл бетіндегі, оның жағасындағы тіршілікпен етене таныса алады», - деді «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» РММ экологиялық-ақпараттық және туризм бөлімінің бас маманы Шынар Ақашева.
«Торғай-Нұра» туристік-экскурсиялық соқпағы

«Торғай-Нұра туристік-экскурсиялық соқпағы да табиғи резерваттың қорғау аймағында орналасқан.

Мұнда аптасына 24 адам аумаққа кіре алады. Яғни, әр топтағы адам саны 6-дан аспауы тиіс. Сонда айына 16, маусымына 96 топ болады.

Әр маусымда 600-ге жуық адам табиғат сыйын өз көзімен көре алады.

«Былтыр бұл маршрутқа 300-ге жуық турист қабылданды. Саяхаттаушы туристер аудан орталығы Ырғыз селосынан 90 км қашықтықтағы Нұра ауылы бағытына барады. Туристер Торғай өзені бойында аялдап, демалып, суға шомылып, қармақпен әуесқой мақсатта балық аулап, жаяу және қайықпен серуендей алады. Маршруттың осы жерлерінде туристер территориямыздағы су маңы құстарының көптеген түрін және Қызыл кітапқа енген құстарды, жан-жануарларларды көру мүмкіндігіне ие болады. Бұл алқаптың өзен-көлдер жүйесі су маңы құстарының маусымдық миграциялық жолы, түлеуі мен ұя салып, балапан басуына өте қолайлы мекен болып саналады. Су маңы құстарының көктемгі және күзгі миграциясы кезінде құстардың жүздеген түрі мыңдап жиналып, құс базарына айналады. Сондай-ақ Бетпақдала популяциясының күзгі және көктемгі миграциялық жолы осы жер. Жылдың екі мезгілінде киіктердің тобын көруге болады», - деді Шынар Ақашева.

«Шалқар-Тебіз» туристік-экскурсиялық маршруты

Үшіншісі - «Шалқар-Тебіз» туристік-экскурсиялық маршруты. Былтыр ашылды. Аптасына 6 топқа қызмет көрсетуге болады. Әр топтағы адам саны 6-дан аспауы тиіс.

Айына 144, маусымына 864 адам осы маршруттың қызметіне жүгіне алады. Маршруттың ұзақтығы260 шақырым.

Ырғыз селосынан Құйлыс ауылы бағытына автокөлікпен шығып, Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы территориясындағы Малайдар көлін (65 км) тамашалайды.

Одан әрі Құйлыс ауылы (25 км) мен Жайсаңбай ауылына (60 км) келеді.

«Жайсаңбайдан шығып. Дүйсенбі аһун мешітін (10 км) көріп, тарихына шолу жасай отырып, қайтадан ауыл үстімен өтіп Исатай мешіті (15 км) тарихымен танысады. Саяхаттаушы туристер одан әрі қарай Жігіткөл, Бақшақкөл, Көлшеген жерлері арқылы Айырмола кардонына (60 км) аялдап, Теңгелбайға (7 км) барады. Шалқар тебізді тамашалап. Ыстық атпаға (25 км) келіп жетеді. Бұл жердегі атпа суының емдік қасиеті бар. Киіктерді де көруге мүмкіндік жасалған», - деп хабарлады резерваттың экологиялық-ақпараттық және туризм бөлімі.




Соңғы жаңалықтар