Ынтымақтастық форумы: Қазақстан мен Ресей үкіметаралық 10 келісімге қол қояды

None
None
ЧЕЛЯБИНСК. ҚазАқпарат - Челябинскіде өтіп жатқан форум барысында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында 10 келісімге қол қойылатын болады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Челябинскіде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сіздерді ортақ шекарамыздан алыс емес жерде, Челябинскіде қарсы алуға рұқсат етіңіздер. Ел бойынша іссапардан келіп отырғаныңызды білемін. Кездесу себебіміз жақсы - өңірлердің ынтымақтастығы. Бұл Сіздің бастамаңыз екені есімде және ол өте ұтымды, жемісті әрі пайдалы болды. Сізді Ресейдің индустриялды орталықтарының бірінде қарсы алуға қуаныштымын. Қош келдіңіз», - деді Ресей басшысы.

Өз кезегінде Қазақтан Президенті ресейлік әріптесіне алғыс білдіре отырып, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы - екі елдің экономикалық ықпалдастығының негізі болып табылатынын атап өтті.

«Челябинск менің металлургиялық жастық шағыммен тығыз байланысты. Кезінде бұл жерде барлық дерлік ірі кәсіпорындарда болдым. Осында білім алдық, мамандық иелендік. Мұнда қуана-қуана келдім. 2002 жылы нақ осы жерде жыл сайын өңіраралық форумды өткізу туралы келістік. Биыл Сізбен кезекті рет кездескеніме қуаныштымын. Сіз үлкен жолға - Вьетнамға, АТЭС саммитіне дайындалып жатырсыз. Сізге бұл үлкен істе ашық жол әрі сәттілік тілеймін! Біздің өңіраралық ынтымақтастық -  қиындықтарға қарамастан өсіп келе жатқан экономикалық ынтымақтастығымыз.  Соңғы 9 айда екі ел арасындағы тауар айналымы 31 пайызға артты. Бүгін біздің министрліктер 30 өңіраралық келісім бойынша жұмыс істегенін білемін, үкіметаралық 10 келісімге қол қоямыз. Яғни әрбір кездесуіміз - ауқымды міндеттердің шешімі», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында екі ел Президенттері екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін, сондай-ақ оны дамыту келешегін талқылады.

 

 

Соңғы жаңалықтар