Ықылас Дүкенұлының 176 жылдығына арналған кеш өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қазақтың атақты күйші-қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың дүлдүл шебері Ықылас Дүкенұлының 176 жылдығына арналған «Тоғыз тарау» атты шығармашылық кеш өтті.

Шара барысында Ықылас Дүкенұлы туралы 1993 жылы «Қазақтелефильм» киностудиясында режиссер Тілеген Ахметов түсіріген «Ықылас» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Кешке белгілі өнер адамдары, музыкатанушы ғалымдар, күйшілер, әншілер және Ықылас Дүкенұлының ұрпақтары мен күйшінің жерлестері қатысты. Белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер адамдары Мұхаметқасым Шәкенов, Әбдіманап Көпбергенұлы, Көпен Әмірбек, Мұсағали Дуамбеков, Жанғали Жүзбай, Жанұзақ Мүсәпірлер күйші шығармашылығы туралы тың ойларын ортаға салды.

Қазақ ұлттық Өнер академиясының Қобыз және орыс халық музыкасы кафедрасының аға оқытушысы, Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Алмат Сайжан мен Ықылас Дүкенұлының ұрпағы, Қобыз өнерінің дәстүрлі ұстанушысы, Күйшілер одағының Атырау облыстық филиалының жетекшісі, Республикалық конкурстары мен xалықаралық фестивальдердің лауреаты, Атырау облысындағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ xалық аспаптар оркестрінің солисі Ақнар Тәттібайқызы Шәріпбаева Ықылас Дүкенұлының күйлерін нақышына келтіре орындады.
null

Ы.Дүкенұлының портретін салған суретші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір туындысының қыр-сырымен жұртшылықпен бөлісті.

Кеш соңында күйшінің ұрпақтарының атынан Хабар телеарнасының техникалық қызметінің бастығы Еділ Ермекбаев пен Қобыз өнерінің дәстүрлі ұстанушысы, Күйшілер одағының Атырау облыстық филиалының жетекшісі, Республикалық конкурстары мен xалықаралық фестивальдердің лауреаты, Атырау облысындағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ xалық аспаптар оркестрінің солисі Ақнар Тәттібайқызы Шәріпбаева сөз алды. Ықылас Дүкенұлы артына қайталанбас музыкалық мұрамен бірге өзінің іздеушісі боларлық текті ұрпақ қалдырғандығын атап өтіп, күйшінің ұрпақтары туралы, ұлдары мен қыздары, немере-шөберелері туралы толыққанды ақпарат берді. Ықылас Дүкенұлының мұрасын насихаттау жұмысы ары қарай жалғаса беретіндігіне тоқталды. Шараның ұйымдастырушысы «Жаңғыру» қоғамдық қорының қызметкерлері мен кешке келген жұртшылыққа алғыстарын білдірді.
null

Кешті Шалқар радиосының қызметкерлері белгілі өнертанушы, күйші, Сәрсенғалы Жүзбай мен әнші Жасұлан Наурызбайұлы жүргізді.

Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Сары, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін қобызға адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор. Кештің мақсаты - насихатталуы кемшін дәстүрлі музыка мен оның танымал тұлғаларының бірі - Ықылас Дүкенұлының шығармаларын тыңдарман назарына ұсыну және ол туралы тың деректерді рухани айналымға қосу болатын.

null

Соңғы жаңалықтар