Ықпалдасқанның ырысы мол – Шолпан Қыдырниязова

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ынтымағы мол елден ырыс кетпейді. Бұл туралы белгілі айтыс ақыны, тіл жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында тайға таңба басқандай етіп тапсырма берді.

«Халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ». Бұдан асып не айтуға болады? «Орнықты ой, орынды сөз тындырымды іске тетік болар, - » деген сөзбен тәрбиеленген ұрпақпыз. Ықпалдасқанның ырысы мол, ырылдасқанның ұрысы мол, тартыншақтың тұрысы мол. Бұл - татулыққа бастау, дүрдараздықты тастау, қарышты қадамға үндейтін үрдіс, ұлттық ұстаным.

«Оқыдым, ойландым, зейнеткер зердесімен ұққаным: үлкен - үлгі, кіші - үміт, әрекет - әдеп, халық - қамал, билік - бетбұрыс, ақиқат - амал. Егемен елдің ертеңі еңселі, келешегі көркем, болашағы болжаулы болуы үшін тағы бір сананы сілкіген сөзден серпін алып, сеніммен іске асыруға атсалысуымыз керек. Мақсат айқын, міндет маңызды. Ақылдасқан адаспас. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы әлеуметтік желілегі жағымсыз желдей ұйтқыған сан алуан пікірталасқа да жауап табылды. Ашынған ана, ретсіз реформалаудан шашылған сана, талтайған тәртіп, шалқайған шенеунік, өпірім өрескелдік, бұйдасыз бұзақылық, жүгенсіз жөнсіздік, тілдік таңба, зерделейтін Заң мәселелері айналасындағы шешімін таппай келген кейбір келеңсіздіктің алдын алу жолдары айқын айтылды. Сөзден іске көшетін уақыт келді. Әркім өзіне жүктелген міндетті мемлекеттік мүддеге сай мінсіз орындаса болғаны. Артық қыламын деп тыртық қылмасын. Бірлігіміз бүтін, тірлігіміз тұтас болсын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Шолпан Батырқызы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын халықтың үніне құлақ асқан ұтатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар