Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы қалай аталып өтілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық музейінде Ы. Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналған «Үміт еткен көзімнің нұры балам...» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің «Даланың дара ұстазы» көшпелі көрмесі ашылды. Және ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

«Құрметті елорда тұрғындары! Баршаңызды ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы аясында Ұлттық музейде ұйымдастырылған көрменің ашылуымен құттықтаймын! Ұлтымыздың өркениет көшіне ілесіп, білім және ғылым жолына түсуіне зор ықпал еткен дара тұлғаның еңбегі өлшеусіз. Қазақ даласында білімнің шырағын жазып, мектеп ашу ісін жолға қойған Ыбырай Алтынсарин артында өшпес із, өлмес мұра қалдырды», - деп жазылған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың құттықтау хатында.

Әкімнің айтуынша, ұлт ұстазының есімін қастерлеу мақсатында Қостанай облысында бірқатар іс-шара қолға алынған.

«Ағартушының туған мекені мен мәңгілік тыныс тапқан жері «Қазақстанның киелі орындары» тізіміне енгізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұстаздың кесенесі қайта жаңғыртылды. 180 жылдық мерейтойдың бастамасы ретінде облыс орталығында көрнекті ескерткіш бой көтерді. Ағартушының есімі берілген көшелер, мәдениет және білім ошақтары жөндеуден өткізілуде. Ұлы ұстаз мұрасына деген қамқорлық бұдан әрі де жалғасын таба бермек. Бүгінгі басқосуда Ыбырай мұрасын ұзақ жыл зерттеп жүрген көрнекті ақын, ғалым Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалады. Бұл құнды еңбек Ыбырайтану ғылымына қомақты үлес қосып, көптеген жаңа зерттеулерге арқау болары сөзсіз. Игі шараның өтуіне мүмкіндік жасаған Ұлттық музей ұжымына, қолдау көрсеткен зиялы қауым өкілдеріне шынайы алғысымды білдіремін», - деп жазған А. Мұхамбетов.

Сонымен бірге, ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова мұғалімдерге ұлы педагог атындағы медаль белгіленгенін жеткізді.

«Өздеріңізге белгілі, әрбір мектеп оқушысы Ыбырайдың «Кел балалар оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» деген сөзін алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен естіп, білім мен ғылымға, танымға деген құштарлығын оятады. Ведомствалық награда ретінде педагогтарға Ы. Алтынсарин медалі белгіленген. Бұл медальді жылына 230-дан астам педагогтар иеленеді. Олардың барлығы да Ы. Алтынсарин салған сара жолмен бала оқыту ісін жүргізіп келеді. Биыл ел Президенті Қ. Тоқаев тапсырмасымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы барлық мектептерде жүргізіліп келеді. Оның аясында барлық білім мекемелері оқулық, көркем әдебиет сатып алып, классикалық әдебиет оқыту бойынша үлкен жұмыс жоспарлап отыр. Мұнда да Ыбырай ілімін тарату біздің алдымыздағы үлкен міндеттердің бірі деп білемін», - деді Шолпан Қаринова.


Соңғы жаңалықтар