Ясауи кесенесіне адамдар дұға жасау үшін де келеді - Ерсін Тәжібаев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі бөлмелер мен жәдігерлердің барлығы тарихтан сыр шертеді. Бұл туралы «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев әңгімелеп берді.

Оның сөзінше, кесене ішіндегі ту мен шырақ кесенеге Әмір Темірдің жасаған сыйы деп түсіндіріледі.

«Ең асыл жауһарларымыздың бірі – Тайқазан. Тайқазан – құтты, қасиетті қазан деген ұғымды білдіреді. Бұл қазанды ас пісіру үшін емес, суға пайдалану үшін қолданған. Оған Тайқазанның сыртындағы «Суға пайдалану үшін...» деп басталатын жазулары дәлел. Ал, кесененің екінші қабатындағы бөлмелер кезінде шәкірттердің діни сауатын ашу үшін және қала аумағын биіктен бақылау үшін пайдаланылған. Олар балкон үлгісінде жасалған. Қазіргі уақытта зиярат етіп келушілердің қауіпсіздігін сақтау және кесене ғимаратына зиянын тигізбеу үшін ол бөлмелер жабық тұрады, онда ешкім кірмейді»,- дейді мұражай директорының міндетін атқарушы.

Ерсін Тәжібаевтың пікірінше, бұл кесененің осындай басқа нысандардан ерекшелігі – мұнда келген адамдар музей аралау үшін ғана емес, өзі неге мұқтаж болса, Алладан сұрау, дұға жасау үшін келеді. Олар кесенені қасиетті орын санайды.

«Кесенеге келер алдында негізінде көптеген жайттарға назар аударған абзал. Мәселен, Қ.Ясауи шын мәнінде кім болған, оның қандай еңбектері арқылы тарихта қалғанын біліп келген жөн. Сондай-ақ тілеуін Алладан ғана сұрауға ниеттеніп келуі маңызды. Осында отырып, қажеттігін сұраған адамның дұғасын әулиенің құрметі үшін Алла қабыл етеді деген сенім ежелден бар»,- дейді Ерсін Тәжібаев.

Мұражай басшылығы кесенедегі қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілгенін айтады. Ең алғаш рет реставрация Ресей Патшалығы кезінде басталған.

«XIX ғасырдың екінші жартысында Черняевтің зеңбірегінің кесірінен бұзылған бұрышын жөндеуге Ресей патшасы нұсқау берген. Соның арқасында бұрышы қайта қалпына келтірілген. Одан кейінгі жұмыстар XX ғасырдың екінші жартысында жүргізілді. Ол кезде елімізде реставрация жасайтын мекеме болмауына байланысты Өзбекстаннан мамандар шақырылған. Тек осы 1970-80 жылдардан бастап елімізде реставрация жасайтын мекеме ашылып, қажетті жұмыстарды қазақстандық мамандар жүргізе бастайды. Қалпына келтіру бойынша ең үлкен жұмыстарды 1990 жылдары Түркиядан келген және қазақстандық мамандар атқарған. Қабырға жарылмауы үшін арнайы маятниктер орнатылды. Қазіргі күнде сол маятниктерге сүйене отырып, кесененің қауіпсіздігі жайлы ақпарат бере аламыз»,- дейді мұражай директорының міндетін атқарушы.

Кезінде кесененің күмбезін де түрік компаниялары жасаған болатын. Реставрация жұмыстары кезінде ескірген плиталар алынып, орнына қайтадан жаңасы қойылды.

«Айта кететін жәйт, кесененің күмбезі Орта Азияда өте сирек кездесетін күмбездің қатарына жатады. Диаметрі - 18 метр. Мұндай үлкен диаметрлі күмбезді кесенелер Орта Азияда кездеспейді. Ерекше айтатын жәйт, кесене құрылысы да, күмбездің құрылысы да бітпей қалған. Сол кездегі архитектуралық жобаға қарайтын болсақ, күмбез екі қабатты болуы тиіс. Яғни ішкі күмбез, оның сыртынан тағы бір күмбез қалайтын болған. Жұмыстың бітпеуіне байланысты бізде тек қана 1 күмбез қалған. Сыртқы күмбез тұрғызылмаған. 2018 жылға дейін көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2019 жылдан бастап үлкен көлемді реставрация жүргізілді»,- дейді Ерсін Тәжібаев.


Соңғы жаңалықтар