Яндекс, Убер, Вольтта жұмыс істейтіндердің әлеуметтік құқықтары қалай қорғалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Яндекс, Убер, Вольт платформаларында жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қамсыздандыру туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезіндегі шектеу шаралары жер жүзінде жұмыспен қамтудың заман талабына бейім тәсілдерін қолдануға тың серпін берді. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Бұған қоса, ел экономикасына цифрландыру мен жаңа технологиялар да өз әсерін тигізуде. Соңғы жылдары нақты секторға қарағанда, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың саны өсе түскенін көріп отырмыз. Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда 500 мыңға дейін адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді», - деді Еңбек министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Өз сөзінде министр мұндай режимнің тұрғындарға өте ыңғайлы екенін атап өтті. Алайда, оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы.

«Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды. Осыған байланысты, бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін, онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесу өткіздік. Олармен бірге биылғы 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылдадық. Жұмыстың нәтижесін жыл соңына қарай ұсынамыз. Платформалық жұмыспен қамтуды танып, оны заңдастыру арқылы біз азаматтарға ыңғайлы режимді сақтай отырып, олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды көздейміз», - деді Тамара Дүйсенова.

Бұған дейін Тамара Дүйсенова 24-30 маусым күндері бос жұмыс орындарының алғашқы онлайн-жәрмеңкесі өтетінін хабарлаған еді.

Сондай-ақ, министр Қазақстандағы жұмыс күшінің 60% миллениалдар мен Z буын еншісінде екенін айтқан.



Соңғы жаңалықтар