Яндекс «курьер» 3,5 млн теңгенің тауарын сатып жіберген - Астанада үкім шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласының Есіл аудандық №2 соты алаяқтық жасау фактісімен азамат У.-ға қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қалалық сотының мәліметінше, күдікті «Яндекс» қосымшасында тауарды клиентке дейін жеткізуші (курьер) болып тіркелген. Ол тауарды Астана мен Алматы қалаларынан интернет-дүкендер арқылы алып, нарықтан төмен бағамен өзге адамдарға сатып жіберген. Осы арқылы күдікті зардап шегуші тарап «Яндекс Деливери Кейзет» ЖШС-ға 3,5 млн теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірген. Жалған курьердің 24 фактіге қатысы бар болып шықты.

Сот барысында күдікті кінәсін толығымен мойындап, келтірілген шығынды өтеуге ниетті екенін, сондықтан қоғамнан оқшауламай қатесін түзеуге мүмкіндік беруін өтінді. Зардап шегуші тараптың өкілі де соттан айыпталушыны бас бостандығынан айырмай, шығынды қайтаруға мүмкіндік беруді сұрады.

Осыған орай сот азамат У.-ға 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ «Яндекс Деливери Кейзет» ЖШС-нің 3,5 млн теңге сомасында материалдық шығынды қайтару туралы азаматтық шағымы толықтай қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар