Ядролық сынаққа қарсы іс-қимыл: Германия сарапшылары Қазақстанның жаһандық рөлін талқылады

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні мен Семей ядролық сынақ полигоны (ССП) жабылуының 30 жылдығына орай Қазақстанның Германиядағы елшілігі онлайн режимде «Жер планетасы – ядролық қарудан азат аймақ» атты жоғары деңгейдегі дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Талқылауға Бундестаг депутаты, Германия үкіметінің Ресей, Орталық Азия және «Шығыс серіктестігі» елдерімен қоғамаралық ынтымақтастық жөніндегі Үйлестірушісі Йоханн Заатхофф, ҚР Ұлттық ядролық орталығының Бас директоры Эрлан Батырбеков, ГФР СІМ ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі департаментінің басшысы Роберт Зигфрид, Халықаралық бейбітшілік бюросының Атқарушы директоры Райнер Браун, Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры Әлімжан Ахметов, сондай-ақ сарапшылар, журналистер, екі лет үкіметтік емес құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәрен Кәріпов қатысушылардың назарына Семей полигоны тарихына шолу жасап, Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау мәселелеріне қатысты көшбасшы ретінде халықаралық танылуына себеп болған жаһандық бастамаларды ұсынды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай ЯҚТК, ЯСТҚТСК қосылып қана қоймай, КСРО тарағаннан кейін республиканың иелігінде қалған әлемдегі төртінші ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаны белгілі.

Оған қоса Қазақстан - Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға бастамашылық еткен мемлекет. Бұл – қазіргі уақытқа дейін солтүстік жарты шардағы ең ірі ядросыз аймақ.

Тиісті келісімге 2006 жылы Семейде қол қойылды және оған сәйкес өңірдегі елдер ядролық қаруды жасап шығармауға, қол жеткізбеуге, сынықтан өткізбеуге немесе иеленбеуге заңды түрде міндеттенеді.

«Тәуелсіздік жылдары барысында біздің елде бейбітшілікпен және жаһандық қауіпсіздікті қолдауға деген беріктікпен бекітілген дамудың бірегей үлгісі қалыптасты», – деді Д. Кәріпов.

Бұдан кейін Й. Заатхофф өзінің алғы сөзінде Қазақстанның халықаралық қарусыздану күн тәртібіндегі рөлін жоғары бағалады және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін ары қарай дәріптеуге қатысты күш-жігерін жұмсайтындығын білдірді.

«Қазақстан ядролық қарусыздану мәселелері бойынша халықаралық қоғамдастықтың ең белсенді және маңызды серіктестерінің бірі болып табылады», – деді ол.

Кезекті панелдік талқылаулар аясында сарапшылық деңгейде планетамызды ядросыз аймаққа айналдыруға қажет шарттар талқыланды.

Қазақстан халықаралық қауымдастықты бұл мақсатқа БҰҰ-ның 100 жылдығына орай, яғни 2045 жылы қол жеткізуді ұсынды.

Өз баяндамасында ҚР Ұлттық ядролық орталықтың басшысы Эрлан Батырбеков дөңгелек үстел қатысушыларына орталықтың атом энергиясын бейбіт түрде қолдану саласындағы Қазақстанның саясатын қолдау жөніндегі жұмысы туралы айтты.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымы сияқты халықаралық бейінді ұйымдар ағымдағы жылдың соңына дейін бұрынғы ССП аумағының радиоэкологиялық мониторингін аяқтағаны және ядролық жарылыстар мониторингісінің жаһандық жүйесін өрістету бойынша бірлескен жұмыстары туралы ақпарат ерекше қызығушылықпен қабылданды.

Германия СІМ Ядролық қарусыздану, қару-жарақтарды бақылау және таратпау жөніндегі департаментінің басшысы Р. Зигфрид Германияның 16 мемлекетті (оның ішінде Қазақстан да бар) біріктіретін Стокгольм бастамасына тең төрағалығы аясындағы қызметі туралы айтты.

Бастама ядролық державаларды олардың толық қарусыздануын қамтамасыз ететін барлық мүмкіндіктерді қолдануға шақырады.

Осыған орай ол қазақстандық тараптың 2021 жылғы 5 шілдеде Мадридте өткен бастамаға қатысушы елдердің кезекті министрлік кездесуіне белсене қатысқанын атап өтті.

ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері профессор Мұрат Лаумулин сыртқы саяси бастамаларды және мемлекет басшылығы ССП пайдалануды тоқтату және Қазақстан аумағындағы ядролық қондырғыларды, оқтұмсықтарды және жоғары байытылған уранды залалсыздандыру жөніндегі шешімдер қабылданған геосаяси мәнмәтінді таныстырды.

«Ядролық түйіткілде геосаясат, қауіпсіздік, халықаралық құқық, экономика, энергетика және экология мәселелері тоғысқан. Қазақстан атом саласында белсенді саясат жүргізетін және айтарлықтай салмағы мен мүмкіндіктері бар әлемдегі аз ғана мемлекеттер қатарында», – деді сарапшы.

Келесі сөз кезегін Халықаралық бейбітшілік бюросының Атқарушы директоры Р. Браун алды.

Аталған ұйым – Нобель сыйлығының лауреаты және ядролық қаруды таратпау мәселелері жөніндегі жаһандық ынтымақтастыққа арналған көне әрі басты алаңдардың бірі.

Биыл Қазақстанның бастамасымен шақырылған Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарусыз әлемді қолдайтын көшбасшылардың жаһандық альянсының мүшесі қатарына қосылған белсендінің айтуынша, «қазір халықаралық саясатта парадигманың ауысуы-қарама-қайшылықтан жалпы қауіпсіздікке көшу талап етіледі».

Өз кезегінде «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» үкіметтік емес ұйымының директор-құрылтайшысы Ә. Ахметов бұрынғы ССП аумағындағы қазіргі радиациялық жағдай туралы соңғы мәліметпен бөлісті, сондай-ақ түрлі зерттеу және білім беру жобалары аясында Орталықтың қазақстандық және халықаралық серіктестермен бірлесіп бұрынғы полигон аумағына шетелдік дипломаттар мен сарапшылардың баруын ұйымдастыратыны туралы айтты.

«Ядролық соғыста жеңімпаздар мен жеңілгендер болмайды», – деді сарапшы.

Соңғы сөзді «Eurasian Management Solutions GmbH» директоры және Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы Қор Өкілдігінің бұрынғы Басшысы (2015-2020 жж.) Т.Хельм алды, ол ҚР-дағы ядролық мәселе жөніндегі жұмысына қатысты жеке тәжірибесімен бөлісті.

Сонымен қатар, ол жастардың болашағын жақсарту үшін Семей қ. мен өңірді ары қарай оңалтудың маңызын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар