Ядролық қауіпсіздік заңнамасы Вена конвенциясына сәйкестендіреледі - Сенат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасының реттеу мәні – Қазақстан Республикасында ядролық қондырғылардың жұмыс істеуі процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар, атап айтқанда ядролық қондырғы операторларының ядролық залал келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауаптылығы саласындағы қоғамдық қатынастар. 1997 жылғы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 10 ақпандағы Заңымен ратификацияланды.

Вена конвенциясының басты идеясы – ядролық оқыс оқиға туындаған жағдайда, қондырғы операторы келтірілген залалды өтеуге міндетті. Бұл ретте, оператордың ядролық залалды өтеу сомасының ең төменгі мөлшерін мемлекет айқындайды», - деді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Бүгінде Қазақстанда заңнамалық деңгейде 1997 жылғы Вена конвенциясының ережелерін қолдану шарттары регламенттелмеген. Атап айтқанда, мемлекет оператордың жауапкершілігінің шектерін айқындамаған және қаржылық қамтамасыз ету мен сақтандыру мәселелерін реттемеген.

«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы ерекше ядролық тәуекелдер үшін жеткіліксіз және оларға бейімделмеген, ядролық оқиға салдарынан шығындарды өтеу тетігі жоқ жалпы азаматтық-құқықтық жауаптылыққа негізделген. Заң жобасының басты мақсаты – ішкі заңнаманы Вена конвенциясына сәйкестендіру бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін іске асыру, ядролық технологияларға қол жеткізу арқылы атом саласын дамытуға жәрдемдесу, ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторының жауаптылық шегін белгілеу және қаржылық қамтамасыз ету арқылы ядролық залалдан зардап шеккен адамдарға ақшалай өтемақының берілуін қамтамасыз ету», - деп түсіндірді министр.

Бұл үшін заң жобасында ядролық залал келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауаптылық және ядролық қондырғы операторының сондай залал үшін қаржылық қамтамасыз етудің міндетті түрде болуы енгізіледі.

«Заң жобасы ядролық қондырғылардың радиациялық қауіптілік санаттарына сүйене отырып, ядролық залал келтіргені үшін ядролық қондырғы операторларының сараланған жауаптылық шектерін пайдалануды көздейді. Ядролық қондырғының радиациялық қауіптілік санаттарының негізінде жауаптылықты белгілеу нұсқасы ең оңтайлы болып саналады», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар