Ядролық қарудың қоры барлық адамзатты жойып жіберуге жеткілікті - Гои бейбітшілік қоры

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджи Астанаға келіп, ядролық қарусыздандыру мәселесіне арналған конференцияға қатысты. Осыдан екі жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аталған қордың арнайы сыйлығы табысталған болатын, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Х.Сайонджидің айтуынша, қазіргі ядролық қарулардың қауқары Хиросима мен Нагасакиге түскен бомбалардан әлдеқайда қатты. Сол қарудың қоры барша адамзат пен табиғатты жойып жіберуге жеткілікті. Әлем бойынша жыл сайын әскери салаға 1,7 трлн АҚШ доллары жұмсалады. Ал ол ақшаның 10 проценті кедейшілік, ашаршылық, судың тапшылығы, табиғи апаттар сияқты проблемаларды шешуге бағыттаса, 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарының бәрін орындап шығуға болады.  "Жапония мен Қазақстан ядролық сынақтардың қауіп-қатерін жақсы біледі. Меніңше, оның бәрін ешқашан ұмытпау қажет. Ал, ең бастысы, қазіргі жас ұрпаққа ядролық қарудың қаншалықты қауіпті екенін жеткізуіміз керек. Сонда өткен ғасырдың қателіктері ешқашан қайталанбайды", - деді Х.Сайонджи.

Осы орайда қор басшысы Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласындағы еңбегін ерекше атап өтті. Себебі ондай бастамалар болмаса, әлем қауымдастығының сана-сезімін өзгерту мүмкін емес. "Біз Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласындағы ерен еңбегін жоғары бағалаймыз. Аталған мемлекет Орталық Азияны ядролық қарусыз аймақ ретінде құруға үлкен үлес қосты деп білеміз. Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі жалпыға ортақ келісімді күшейту жолындағы жұмысын да ерекше атап өткен жөн. Атом энергиясын тек бейбіт мақсатта қолдануға қатысты ұстанымдарыңызды бәрі біледі. Сол үшін әлем қауымдастығы Қазақстанға алғыс айтуы қажет", - деп атап көрсетті Х.Сайонджи.

Айта кетейік, бүгін Астанада "Қазақстан мен Жапонияның ядролық қарусыздандыру саласындағы ынтымақтастығы: Бір тағдыр, жалпы мақсат" тақырыбында xалықаралық конференция өтті. Шараның ұйымдастырушылары ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты, сондай-ақ, Гои бейбітшілік қоры. Конференцияда ядролық қарусыздандыру саласындағы өзекті мәселелер талқыға салынды. Ал ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов кеңестер кезінде әскердің ядролық соғысқа қалай дайындалғанын айтып берді. 
null 

Соңғы жаңалықтар