+7 (701) 759 90 19
USD 426.14 EUR 497.05
RUB 6.02 CNY 66.69
Jańalyqtar

Ядролық қарудан бас тарту - Қазақстанның ядролық қауіпсіздік жолындағы алғашқы қадамы

2021 жылғы 28 тамыз 10:25
Бөлісіңіз:
Ядролық қарудан бас тарту - Қазақстанның ядролық қауіпсіздік жолындағы алғашқы қадамы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2009 жылдың 2 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жария еткен болатын. Сол уақыттан бері бұл күнді бүкіл әлем елдері атап өтіп келе жатыр. Айта кетерлігі, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні белгілеу туралы ұсынысты қазақ елі жасаған еді. Ал 29 тамызға таңдаудың түсуі де кездейсоқ емес. Өйткені, сонау 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан біржақты тәртіппен Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатқан-ды.

Адамзат баласына орны толмас қайғы мен қасірет әкелген зұлмат қару ең алғаш рет 1945 жылдың 16 шілдесінде Американың Нью-Мексика штатындағы Аламогордо қаласына тақау жерде сыналғаны тарихта таңбаланған. Сол уақыттан бастап 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойылғанға дейін Жер бетінде 2 мыңнан астам ядролық сынақ жасалыпты. Нақты деректерге жүгінсек, АҚШ 1945-1992 жылдары аралығында 1 032, Кеңес одағы 1949-1990 жылдары 715 сынақ жасаған екен. Ал Кеңес одағында жасалған ядролық сынақтардың басым бөлігі Қазақ жерінде өткізілгені де белгілі.

Иә, кеңес заманында Қазақстан одақтың ең ірі ядролық қару базасына айналды. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің аумағында әлемде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсенал орналасты. 40 жылдың ішінде республика аумағында 456 жерасты және жерүсті сынағы жасалды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 есеге асып түседі. Айта кетерлігі, бүкіл әлемде жасалған барлық сынақтардың 24 пайызы Қазақстан аумағында болған.

«ХХ ғасырдың 80-шы жылдарының соңына қарай Қазақстанда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы белең ала бастады. Антиядролық қозғалыс төңірегіне топтасқан қоғам үніне, сонымен қатар жүрек қалауы мен ар-ожданына сүйенген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 29 тамызында Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Полигон тарихымен баланысты мәліметтер жаға ұстатады. Чернобыль атом электр стансасындағы реактор жарылысы жантүршігерлік апат болғаны белгілі. Бірақ, ол бір-ақ рет орын алған. Ал Қазақстанның полигонға тақау облыстарының тұрғындары бірнеше ондаған жыл бойы ядролық қару зардабын тартып келді», - деді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин.

Осы орайда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, PhD докторы Далелхан Айболат КСРО-ның ыдырауы мен қоскіндікті әлемдік тәртіптің жойылуы Қазақстанға қызыл империяның құрсауынан құтылып, азат ел ретінде көк туымыз көкке көтерілген қуанышымен қатар көптеген сын-тегеуріндерін қоса алып келгенін айтады.

«Солардың біреуі де бірегейі Кеңес Одағынан елімізге енші есебінде қалған ядролық қарулардың төңірегіндегі мәселе болатын. Тәуелсіздік алған тұста еліміздің иелігінде қалған кеңестік ядролық қару-жарақтардың саны мен әлеуеті Қазақстанды әскери тұрғыдан алғанда бірден супердержавалар қатарына қосарлықтай еді. Атап айтқанда, КСРО ыдыраған тұста Қазақстан территориясында, нақтырақ айтқанда Семей, Сарыөзек және Байқоңырда әр қайсысында 10 оқтұмсық қондырылған 108 зымыран тұрақты кезекшілікте тұрды. Ал ядролық заряды бар оқтұмсықтардың жалпы саны 1400 дана болатын. Сонымен қатар, 240 ядролық қанатты зымырандармен жабдықталған 40 ТУ-95 МС стратегиялық бомбалаушы ұшақтар болды. Осынша сұрапыл қару-жарақтың тәуелсіздігін жаңа алған, 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын, көрші-қолаңдарымен әлі шекарасын айқындамаған, ішкі-сыртқы саяси-экономикалық ұстанымдары нақтыланбаған жас мемлекеттің қолында қалуы кім-кімді де алаңдатқаны рас. Сонымен қатар, Қазақстанда қалған кеңестік ядролық қару-жарақтардың мәселесі еліміздің жас дипломатиясы үшін үлкен сын-тегеурін болғанын да атап өту қажет», - деді сарапшы.

Ал мұндай қуатты қару қай мемлекеттің де болмасын көз құртына айналып, тіпті кейбір мұсылман елдері Қазақстан ядролық қару-жарағын сақтап қалса, қаржылық қолдау білдіретіндігін де сыздықтатып жеткізген болатын. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың естеліктерінен оқып-біліп жүрміз. Ал мұндай емеуірінің біріне де жығылмай еліміздің аумағын ядролық қарудан азат ету Нұрсұлтан Әбішұлының нағыз ерлігі десек артық айтқандық емес. Мұны сарапшылар да айтады.

«Тағы бір фактіге назар аударғанымыз жөн болар. Сол уақыттарда Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мұсылман мемлекетінің ядролық қаруды сақтап қалу ұсыныстарынан бас тартты. Жас мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ядролық қарудан айырылмау қажеттігін табандап тұрып жақтаған ел ішіндегі күштерге де тойтарыс берді. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті шынайы мемлекеттік даналықты әрі өз ісіне мығымдылықты танытты. Осы орайда Елбасы көшбасшылығымен Семей полигонын жауып, әрі әлемдегі қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық қару арсеналынан бас тартқан Қазақстанның ауқымды әлемдік бастамаларды ілгерілетуге толықтай моральдық құқығы бар. Қазақстан бұл бағыттағы белсенді саясатын Ядролық қауіпсіздік жөніндегі барлық жаһандық саммиттерде жалғастырып келеді. Аталған халықаралық іс-шараларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздану ісіне айрықша үлескен қосқан құрметті қонақ ретінде қатысып, әр уақытта да жиын күнтәртібін тың бастамаларымен байытып келе жатыр», - деді Мұрат Лаумулин.

Ал Далелхан Айболат еліміз тәуелсіздігін алмай тұрып Семей полигонын жауып үлгергенін және халық арасындағы антиядролық көңіл-күйдің жоғары екенін ескере отырып, батыс мемлекеттері Қазақстан ядролық қарудан бірден бас тартады деп ойлағандығын алға тартады.

«Алайда, 42 жыл бойы қазақтың қасіреті болған ядролық қаруды еш уәжсіз Ресейге бере салу орынсыз болар еді. Жарты ғасырға жуық уақытта ойран-асыры шыққан Семей топырағы мен тағдыры ойынға айналған сол өңірдегі халық қасіретінің қайтарымы ретінде Қазақстан ядролық қарудан бас тартудан мейілінше молырақ саяси-экономикалық дивиденд алып қалуға бел буады. Бұны 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда қабылданған «Ядролық қаруға қатысты бірлескен шаралар туралы келісімнен» байқауға болады. Аталған келісімнің 5 бабы бойынша Беларусь пен Украинаға 1968 жылғы Ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартқа ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде қосылу міндеттелген болса, Қазақстан мұндай міндеттемені өз мойнына алмады. Осылайша Қазақстан ядролық клуб елдерін, басқаша айтқанда, үлкен дипломатиялық «ойынға» шақырған еді. Кәсіби дипломаттары саусақпен санарлық жас қазақ дипломатиясы үшін АҚШ, Ұлыбритания тәрізді алпауыттармен дипломатиялық «ойын» ойнаудың қаншалықты күрделі екенін ел билігі біле тұрса да, тәуекелге барған болатын. Келіссөздердің қаншалықты қиын болғанын Елбасының және сол келіссөз үдерістеріне қатысушылардың естеліктерінен көруге болады. Келіссөздер барысында сол кездегі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер «Қазақстанда орналасқан әр құрлықаралық баллистикалық зымырандарға қарсы үш американдық зымыран бағытталғанын» айтып, қоқан-лоқы көрсеткеніне қарап келіссөздердің қандай жағдайда өткенін бағалау қиын емес. Десе де, Қазақстан тарапының табандылығы мен ұтқыр дипломатиялық стратегиясының нәтижесінде еліміз ядролық клуб елдері тарапынан ұлттық қауіпсіздігімізге, территориялық тұтастығымызға кепілдік ала отырып, халықаралық қауымдастықтың бейбітсүйгіш белді мүшесіне айналды. Ең бастысы, қазақстандық дипломатия бірден әлемдік деңгейге көтерілді. Халықаралық ірі ойыншылар Қазақстанның өздерімен тең деңгейде келіссөздер жүргізе алатын, өзінің ұлттық мүддесін табандылықпен қорғай отырып компромистік тоқтамға келе білетін сенімді дипломатиялық серіктес ретінде таныды», - деді халықаралық қатынастар саласының білікті маманы.

Осы орайда Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту жолындағы тарихи жылнамасына көз жүгірсек:

1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы жарық көрді.

1992 жылы 23 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеңес әскерінен қалған атом қаруынан бас тартып, Лиссабон хаттамасына қол қойды.

1993 жылы 13 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі «Ядролық қаруды таратпау келісіміне қосылу туралы» қаулыны рәсімдеді.

1994 жылы 5 желтоқсанда Будапеште өткен ЕҚЫҰ саммитінде АҚШ, Ресей және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды тараптау туралы келісімге қол қойған елдің қауіпсіздігіне кепілдік туралы шартқа қол қойды. Бұл кепілге Қытай мен Франция қосылды.

1994 жылы 24 атом бомбасын жасауға жеткілікті 600 келі уранды Қазақстаннан әкетіп, оларды АҚШ-та залалсыздандыру бойынша өте табысты екі жақты жасырын операция – Sapphire жобасы жүргізілді.

1995 жылдың сәуірінде барлық ядролық қару Қазақстан аумағынан Ресейге шығарылды.

1995 жылы 27 мамырда бұрынғы Семей ядролық полигонының ұңғымасында соңғы ядролық заряд жойылды.

1996 жылы Қазақстаннан Ресейге стратегиялық бомбалаушы ұшақтар шығарылды.

1996 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойды және оны 2002 жылы ратификациялады.

2000 жылы Семей ядролық сынақ полигонында соңғы ядролық сынақтарға арналған ұңғыма жойылды.

2006 жылы Орталық Азияның 5 республикасының Сыртқы істер министрлері ядролық қарудан азат аймақ туралы келісімшартқа қол қойды. Келісімшартты рәсімдеу Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылды. Жаңа аймаққа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіреді.

2010 жылдың қыркүйегінде елордада Елбасы бастамасымен Ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастамалар конференциясы өтті.

2010 жылы БҰҰ 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.

2012 жылдың 27-29 тамызында елордада әЯдролық сынақтарға тыйым салу, ядролық қарусыз әлем» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «АТОМ» халықаралық жобасын ұсынды. Бұл жобаның атауы «Abolish Testing. Our Mission», яғни «Сынақтарды жою - біздің мақсатымыз» дегенді білдіреді. Жоба аясында ядролық қаруға қарсы Жер бетіндегі кез келген адам онлайн-петицияға қол қоя алады.

2014 жылдың наурызында Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммитте Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкін құру туралы шешім қабылданды.

2015 жылдың 27 тамызында Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылды.

2015 жылы 29 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші мерейтойлық сессиясының жалпы пікірталасында Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды.

2015 жылы 8 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясы қабылданды. Құжатқа 35 мемлекет теңавтор болды.

2016 жылы наурызда Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жарияланды.

2019 жылы қарашада елордада өткен Astana Club отырысы аясында Елбасы дяролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсынды.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT