Ядролық қару қаупі және климаттың өзгеру проблемалары арасындағы байланыс талқыланды

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Лондонның тарихи ауданы Вестминстердің орталық залында (Central Hall Westminster) Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орайластырылған шара болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн және оффлайн форматында өткен басқосуға әлемнің түкпір-түкпірінен спикерлер мен қонақтар қатысып, ядролық қару қаупі және климаттың өзгеру проблемалары арасындағы өзара байланыс тақырыбын талқылады. Іс-шараның ерекшелігі оған әртүрлі буын өкілдері қатысып, тәжірибелі сарапшылардың баяндамалары жас қоғамдық пікір көшбасшыларының ой-тұжырымдарына ұласты.

Конференцияны өткізуге ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің серіктестері Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және жою үшін» форумы (Parliamentarians for Nuclear Non-Proliferation and Disarmament, PNND), сондай-ақ «Youth Fusion» халықаралық жастар ұйымы атсалысты. Пікірталасты Лондон университеті Халықаралық зерттеулер және дипломатия орталығының директоры Дэн Плеш және «Youth Fusion» халықаралық жастар ұйымының жетекшісі Ванда Проскова басқарды.

75 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының ең алғашқы отырысы дәл осы Вестминстердің орталық залында өткенін атап өткен жөн. Сондай-ақ осы жерде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ең алғашқы қарары қабылданған болатын.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз құттықтау сөзінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылындағы дамуы мен жетістіктерінің негізгі кезеңдері туралы айтып берді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаһандық ядролық қарусыздануды ілгерілетудегі маңызды қадамдары атап өтілді.

«2015 жылы Қазақстан Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясының бастамашысы болып, оны БҰҰ-на мүше мемлекеттердің көпшілігі қолдады. БҰҰ БА-ның 2015 жылғы желтоқсанда алғаш қабылданған тиісті қарары 2018 жылы мақұлданды және осы жылы қайта жаңартылмақ. Сондықтан біз халықаралық қуымдастықтың қолдауына сенім артамыз», - деп атап өтті М.Тілеуберді.

Британ Парламенті Лордтар палатасының мүшесі, Жаһандық қауіпсіздік және таратпау жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топтың тең төрағасы Лорд Ханней ядролық қару және климат өзгеруінің негізгі проблемалары туралы сөз қозғады.

«Жаһандық проблемаларды халықаралық қауымдастық бірден шешіп беруі тиіс, деп талап етуден қорықпауымыз керек. Бізде оларды рет-ретімен шешетін уақыт қалмады. Сондықтан саяси ерік-жігер мен ресурстарымызды іске қосуымыз қажет», - деді ол.

Ядролық қаруға жұмсалатын қаражатты қайта бағыттаудың орындылығы туралы айта келе, спикерлер Елбасының әрбір мемлекеттің әскери шығындарының 1 пайызын БҰҰ қорына аудару туралы бастамасының өзектілігін атап өтті.

«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов жас буын өкілдеріне сөз арнады. «Біз бір кездері бастаған іс бүкіл әлемде жалғасады деп үміттенемін. Бұл адамзат үшін құрдымға апаратын құралдарды тоқтату үшін ортақ күресіміз болуы керек», - деп мәлімдеді ол.

Конференцияға қатысушылар Семей ядролық полигонында 1949-1991 жылдар аралығында жүргізілген сынақтар Қазақстан экожүйесіне ол жабылғаннан кейін де елеулі залал келтіруін жалғастырып жатқанын атап өтті. Климаттың өзгеруі, су ресурстарының қысқаруы, топырақтың тозуы, ауаның ластануы және биоалуантүрліліктің жоғалу проблемалары бүкіл Орталық Азияның экологиялық, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздігіне нақты қатер төндіреді, деді қатысушылар.

Лейбористік партияның бұрынғы көшбасшысы Джереми Корбин Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтіп, мемлекет ядролық қарудан бас тарта отырып, күшейе түскенін тілге тиек етті. Өйткені Қазақстан бүкіл әлеммен диалогқа түсіп, моральдық тұрғыда көшбасшы елге айналды, деді ол.

Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы директоры Роб Флойдтың үндеуі ядролық сынақтардың апатты салдарларына арналды және биылғы жылы өзінің 25 жылдығын атап өтетін ұйымды тез арада заңдық тұрғыда бекіту қажеттігі туралы мәлімдеді.

Бір жағынан, төтенше ауа-райы мен температураның жоғарылауы геосаяси шиеленісті күшейтеді, бұл өз кезегінде ядролық қақтығыс қаупін арттырады. Екінші жағынан, ядролық қаруды дамыту, өндіру, сынау және қолдану көптеген жағымсыз экологиялық салдарға әкеледі, деді қатысушылар.

Сессияаралық пікірталастарға көрнекті британдық қоғам қайраткерлері, депутаттар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шара осы жылдың қараша айында Ұлыбританияның төрағалығымен Глазгода өтетін БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференциясы қарсаңында ұйымдастырылды. Оған қазақстандық делегация өкілдерінің қатысуы жоспарланғанып отыр.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов іс-шараны қорытындылап, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жолында ұрпақтар диалогын дамытудың маңыздылығы туралы сөз қозғады. Конференцияға 50-ге жуық адам қатысып, онлайн тамашалаған көрермендер саны шамамен 400-ге жетті.


Соңғы жаңалықтар