Ядролық апат кезінде ТМД елдері арасында көмекті жедел ұсыну тәртібі айқындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімді әзірлеу 2016 жылғы 18 наурыздағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ядролық және радиациялық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарында қарастырылған.

«Осы Келісімді ратификациялау ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді.

Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты кез келген ықтимал оқиғаларға уақтылы ден қоюға бағытталған. Келісім жобасы ТМД Экономикалық Кеңесінің 2018 жылғы 14 маусымдағы отырысында мақұлданған және оған 2018 жылғы 2 қарашада Астана қаласында ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қол қойды», - деді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Келісімнің тараптары: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы.

«Осы Келісім ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайында мамандандырылған құтқару құрылымдарын, мамандарды, құрал-жабдықтарды, көлік құралдарын және осы құрылымдарды техникалық жарақтандыру үшін пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңының 23-бабының 6-тармағына сәйкес, атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авариялар немесе оқыс оқиғалар туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар