XXIV қысқы Олимпиада: Алматылықтар қаланың кандидатурасын қолдауға Абай алаңына жиналуда (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін «2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарының» қай қалада өтетіні белгілі болады. Тарихи таңдау жасалатын сәтке санаулы секундтар ғана қалды.

Алматылықтар туған қаласының жеңісіне үлкен үміт артып, Республика сарайы алдындағы Абай алаңына жиналды. Жиналған халық Куала-Лумпурда өтетін Халықаралық Олимпиада комитетінің сессиясынан тікелей көрсетілімін тағатсыз күтіп отыр. Жастар Алматының кандидатурасын қолдап, флеш-моб, патриоттық акция ұйымдастырды. Түрлі-түсті киім киген жастар алаңда олимпиадалық шеңбердің, қала символы - алманың суретін салды. Ортада велосипедшілер мен акробаттар өнер көрсетті. Ал Алматыны қолдау үшін еліміздің көптеген танымал спортшылары Малайзияға аттанып кетті. Олардың қатарында бокстан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Серік Сәпиев және конькиден әлем чемпионы Денис Кузин, Сочидегі қысқы Олимпиаданың жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, волейболшы Сабина Алтынбекова және тағы басқа белгілі спортшылар бар. Алматы қаласының таныстырылымын ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов пен Алматы әкімі Ахметжан Есімов өткізді. Таныстырылым рәсіміне ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов қатысты. Салтанатты рәсімнің соңында сөз алған Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Алматы қаласының таныстырылымы жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, ұйымдастыру комитетіне ризашылығын білдірді. Еске сала кетейік, әлемдік маңызға ие айтулы спорт додасын өткізу үшін әуел баста әлемнің он шақты елі өз өтініштерін білдірген. Алайда, уақыт өте келе көпшілігі өтінімдерін кері қайтарып алды. Соңында екі қала - Алматы мен Қытай астанасы Бейжің қалалары үміткер ретінде қалды.

Соңғы жаңалықтар