WSB финалы: «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» бүгін бес салмақ дәрежесінде кездеседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) бойынша «Астана Арландары» мен «Куба Домадорес» арасындағы финалдық жекпе-жектің екінші күні бес салмақ дәрежесі бойынша боксшылар кездеседі.

Еске сала кетейік, финалдық кездесудің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша «Астана арландары» 3:2 есебімен алға шыққан болатын.

Атап айтқанда, кеше 49 келі салмақтағы Теміртас Жүсіпов, 64 келідегі команда капитаны Самат Бәшенов және 75 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Мейірім Нұрсұлтанов қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілген болатын.

Ал 56 келі салмақ дәрежесіндегі Қайрат Ералиев әккі кубалықтың осал тұсын таба алмаса, төрешілердің шешімімен 91 келідегі қазақстандық боксшы Василий Левит Эрисланди Савон Котилладан жеңіліп қалды.

Бүгін финалдық кездесудің екінші күнгі жекпе-жектері бес салмақ дәрежесі бойынша өтіп, Қазақстан мен бостандық аралының былғары қолғап шеберлері «кім мықтыны» анықтайды.

Атап айтқанда, бүгінгі шаршы алаңдағы финалдық айқаста мына боксшылар бақ сынайды:

52 келі салмақ дәрежесінде : Олжас Сәттібаев (Мирас Жақыпов) - Йосвани Вейтиа Сото;

60 келі: Зәкір Сафиуллин (Ержан Мұсафиров) - Ласаро Хорхе Альварес Эстрада;

69 келі: Асланбек Шымбергенов (Мадияр Әшкеев) - Роньель Иглесиас Сотолонго;

81 келі: Нұрдәулет Жарманов (Әли Ахмедов) - Хулио Сесар ла Крус Пераса;

+ 91 келі: Иван Дычко (Филипп Хргович) - Йоханди Тойрак Ортега.

Айта кетерлігі, егер екі күндік кездесудің қорытындысы тең аяқталар болса, онда 56 келі салмақ дәрежесінде өтетін қосымша жекпе-жекте жеңімпаз команда анықталады.

Соңғы жаңалықтар