«WorldSkills Kazakhstan-2019» чемпионатында топ жарған түркістандықтар марапатталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында өткен еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласының әлеуетін көрсететін «WorldSkills Kazakhstan-2019» V республикалық чемпионатының жеңімпаздарын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметінес сілтеме жасап.

Облыс басшылығы мен адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылығы ойы ұшқыр әрі білімді жастарды жетістіктерімен құттықтап, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

«Елімізде халықаралық стандарттар негізінде жастарға кәсіптік білім беру және техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындарына кәсіби маман даярлау басты мәселе. Заман талабы бәсекелестікке бағытталғанда, басты принцип – біліктілік пен тәжірибеге негізделеді. Осы мақсатта күллі әлем мемлекеттері кәсіптік білім беру саласында «WorldSkills» чемпионатына аса көңіл бөліп отыр», - деді Сәкен Қалқаманов.

Еске сала кетейік, техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған байқауда Түркістан облысынан 17 студент жүлделі орынды иемденді. Облыс мәртебесін көтерген талабы жоғары студенттер 4 алтын, 2 күміс, 2 қола және 9 номинациялық медаль жеңіп алып, командалық есепте республика көлемінде үштікке кірді.

Техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған байқауға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен келген 425 студент 38 түрлі мамандық бойынша жұмыс дағдылары деңгейімен сайысқан.

Байқауға қатысушыларды 500-ге жуық сарапшы-төреші бағалаған еді. Алдағы уақытта Түркістан облысының әкімдігі мен кәсіптік-техникалық мамандықты игеруге бағытталған колледждер және әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, білікті мамандар даярлап, облысты өнеркәсіптік хаб орталығына айналдыруды мақсат етіп отыр.

Осы орайда, білікті мамандар даярлайтын 4 колледжді өңірдегі ірі компанияларға сенімгерлік басқаруға беру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Марапаттау рәсімінде облыс басшылығы жастарға сондай-ақ алдағы жылы Азия және Еуропада өтетін әлемдік чемпионатта ел намысын қорғап, халықаралық дәрежеде шеберлік көрсетулерін тіледі. Облыс басшысының орынбасары жиын соңында жеңімпаздар мен ұстаздар қауымымен бірге естелік суретке түсті.

Соңғы жаңалықтар