Who is Mr. Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Республикамыздың басты партиясы «Nur Otan» атынан алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға ұсынылатын кандидаттың есімі 23 сәуір күні анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс XIX Съезін шақыру туралы Қаулыға қол қойған болатын. Бірқатар сарапшының болжамына қарағанда, алдағы сайлауда билік партиясының атынан Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі үміткер болуы ықтимал. Осыған орай ҚазАқпарат еліміздің екінші Президентінің мансап жолы қалай қалыптасқанын оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу

Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау 9 маусымға жоспарланып отырғаны белгілі. Республиканың іс басындағы басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуір күнгі отандық телеарналар арқылы халыққа арнаған ең алғашқы үндеуінде осындай шешімін жария еткен болатын. Ол сол үндеуінде мұндай жауапты шешімнің мемлекет басшылығымен, ең алдымен Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасылғанын баса атап өткен.

«Халқымыз - біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек. Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет», - деп атап өткен Тоқаев сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік берген еді.

Сайлауды ұйымдастыру мен өткізу жұмыстары еліміздің Орталық сайлау комиссиясына міндеттелді. Қазіргі уақытта аталған ведомствоның ресми сайтында сайлауды дайындау мен өткізуге қатысты негізгі іс-шаралардың толыққанды жоспары жүктелген. Оған сәйкес, республикада 10 сәуірден Мемлекет басшысы лауазымына кандидаттарды ұсыну кезеңі басталып та кетті. Еліміздің «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 55-бабы 1-тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен тіркелген қоғамдық бірлестіктер Президенттікке өз кандидаттарын ұсыну құқығына ие. Кандидатты ұсыну партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының басым дауысымен қабылданады.

Қазақстан Конституциясының талаптарына сәйкес жасы 40-қа толған, мемлекеттік қызметте 5 жыл жұмыс өтілі бар және соңғы 15 жыл бойы ел аумағында тұрған азамат Мемлекет басшысы лауазымына кандидат бола алады.

Елтізгінінұстауғалайықтұлға

Қасым-Жомарт Тоқаев - еліміздегі ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жылдардан бергі серіктесі, сонымен қатар оны Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатының негізін қалаушы және Елбасының идеяларын халықаралық аренада ілгерілетуші деп санайды. Оның есімі Қазақстанда ғана емес, шетелде де өте танымал. Бұған қоса, Қ.Тоқаевтың әкімшілік қызметтегі тәжірибесі де мол. 1994 жылдан еліміздің Сыртқы істер министрі болды, 1999 және 2002 жылы Премьер-Министр қызметін атқарып, екі мәрте Сенат тізгінін ұстады. Сондай-ақ Қазақстанның атынан БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарғаны да бар. Айта кетерлігі, дәл осы соңғы лауазым Тоқаев үшін президенттік жолдағы формальды кедергіге айналып қалуы да мүмкін. Бірақ, сарапшылардың басым бөлігінің пайымынша, бұл айтарлықтай тосқауыл емес. Мәселен, еліміздің Конституциялық кеңесі кандидат соңғы 15 жыл бойы ел аумағында тұруы қажет деген ереженің дипломатиялық қызметтің және халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне еш қатысы жоқ деп түсініктеме беруі ықтимал.

19 наурызда отандық телеарналар арқылы ел халқына үндеу арнап, Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтататындығын мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Кемелұлын Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенетіндігін айтқан болатын.

«Ол - Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл - оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол - адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», - деген еді Елбасы.

Осы орайда Елбасы ел Президенті лауазымынан кеткенімен республикадағы процестерді толықтай бақылауда ұстауға қауқарлы өкілеттікке ие екендігін атап өткен жөн. Тұңғыш Президент Қауіпсіздік кеңесінің құрылымдары және өзге де қалған тетіктер арқылы елдің ішкі де, сыртқы да процестеріне ықпалын жүргізе алады.

Саясижорамал

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаяны саяси жорамал тұрғысынан алғанда кез келген саяси қайраткер үшін мінсіз деп айтуға толықтай негіз бар. Ол 1953 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітіргеннен кейін КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызметке қабылданған. 1983 жылы Қытайдың Бейжің лингвистикалық институтына 10 айлық тағлымдамаға жіберілген. 1984-1985 жылдары кеңестік Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп, одан кейін ұзақ уақытқа КСРО-ның Бейжіңдегі Елшілігіне қызметкер ретінде жіберілген.

1992 жылы Тоқаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Бір жылдан кейін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарлығына жоғарыласа, тағы бір жылдан соң республика Сыртқы істер минитрлігінің тізгінін қолға алды. Бұл лауазымда ол 10 жылға жуық уақыт лайықты қызмет атқарды.

Сыртқы істер министрі ретінде ядролық қаруды таратпау ісінде белсенді рөл атқарды. Атап айтар болса, 1996 жылы ол Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына, ал 2005 жылы Семейде Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.

Қ.Тоқаев әр жылдары Премьер-Министрдің орынбасары болды және ел Үкіметін де басқарды. ҚР Мемлекеттік хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімшесінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. 2007-2011 жылдары үшінші шақырылған Парламент Сенатының депутаты, төрағасы болды. Бұл лауазымға 2013 жылы қайта сайланды. Ол 2007 жылдан еліміздің басты партиясы «Nur Otan» саяси кеңесі бюросының мүшесі және республика Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның да, шет мемлекеттердің де көптеген мемлекеттік наградаларымен, естелік медальдарымен марапатталған. Көркем шығармаларды, саяси және мемуарлық бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатады. Сонымен қатар өзі де халықаралық қатынастар проблемасына арналған кітаптардың авторы. Қазақ, орыс, ағылшын, француз және қытай тілін жетік меңгерген.

Бір қызығы, алдағы уақытта өтуі тиісті кезекті Президенттік сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың қатыспайтындығын өткен жылдың маусымында ВВС-ге берген сұхбатында алғаш рет айтып қалған Тоқаев болатын.

«Президент 2020 жылға дейін сайланды. Сайлауға қатысу немесе қатыспау оның өзіне байланысты... Ашығын айтсам, Президент Назарбаев 2020 жылғы сайлауға қатысады деп ойламаймын», - деген еді ол HardTalk бағдарламасының эфирінде.

Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып қалуы мүмкін екендігін Қасым-Жомарт Тоқаев 1997 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік туы астында» деп аталатын кітабының алғысөзінде жазғаны есте.

«Біз қазір ғана Қазақстанның болашақ басшысымен сөйлескендейміз. Іс жүзінде ештеңені де міндеттемейтін, оның үстіне тіпті де жағымпаздықтан туындамаған жорамалым 5 жыл өткеннен кейін орындалды», - деп жазды ол.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау 9 маусым күні өтеді.



Автор: Асхат Ахметбеков

Соңғы жаңалықтар