«We chat» желісінің қайырымды жандары тағы үш отбасыға көмектесті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «We chat»  желісі арқылы «Қайырымды жандар» еріктілер тобын құрған азаматтар тағы үш отбасыға көмек көрсетті. Бір айдың көлемінде жиналған қаржыны теңдей етіп, көмекке зәру адамдарға бөліп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржылай қолдауға ие болған үш жанның тағдыры бір. Үшеуі де дертке шалдыққан. Мәселен, Көксулық Айболат Айдын есімді баланың аяғы ауырып, төсек тартып қалған. Ол небәрі 10 жаста ғана. Ал Мұқыры ауылындағы қыздың белі ауырады. 16 жастағы қарындасымызға да шын ниетімізбен қол ұшын создық.  Сарөзектегі Бексұлтан Самса есімді  кішкентай баланың тілі ісініп кеткен, сөйлей алмайды. Үшеуіне 136 мың теңгеден табыстадық. Бұл балалар жайлы біз әлеуметтік желілерден білдік. Тезірек сауығып кетуін тілейміз», - дейді  «Қайырымды жандар» еріктілер тобының мүшесі Жұматай Әлімбекұлы. 

Айта кету керек, «We chat» желісінде «Қайырымды жандар» еріктілер тобында 350-ден астам адам бар. Олар әр ай сайын ақша жинап, кемінде екі-үш отбасыға көмектесуді дәстүрге айналдырған.  Желі қолданушылардың  басым бөлігі 1000 теңгеден ақша қосады екен. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қайырымдылық жасау - топтың басты мақсаты.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың ортасында үйі өртеніп, қыстың қара суығында далада қалған отбасына дәл осы еріктілер тобы  көмек көрсеткен болатын. Талдықорғандық Сүйінбек Жұмабайдың қолына  олар  3,5 млн теңгені табыстаған еді.

Соңғы жаңалықтар