WBA Шүменовтің чемпиондық титулына қатысты ресми ақпарат таратты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің (18-2, 12КО) франциялық Арсен Гуламирянмен (24-0, 16КО) жекпе-жегі не себепті өтпегендігі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) Б.Шүменовтің чемпиондық титулына қатысты мәселеге түсінік берді.

Айта кетсек, биылғы жылдың басында WBA Шүменовке бірінші ауыр салмақтағы әлемнің «уақытша» чемпионы тегі армян франциялық Арсен Гуламирянмен айқас өткізуді міндеттеді. Промоутерлік сауда-саттықты Шүменовтің өкілі Дон Кинг жеңіп алды. Гуламирянның бапкері Абель Санчес The Ring Digital-ға таяуда берген сұхбатында қазақстандық боксшының кезекті жарақатына байланысты жекпе-жек өтпеуі мүмкіндігін айтқан болатын.

Осыған қатысты WBA-дің ресми сайтында келесідей ақпарат орналастырылды. «Бейбіт Шүменов 2018 жылдың 7 шілдесінде Хизни Алтункайды жеңіп, вакантты титулды иеленді. 2019 жылдың 28 қаңтарында Чемпиондық комитет Шүменов-Гуламирян титулдық жекпе-жегі өтетіндігі туралы хабарлады. Don King Productions сауда-саттықты жеңіп алды және айқас 11 мамырға жоспарланған еді. 2019 жылдың 10 мамырында Don King Productions Шүменов денсаулық жағдайы бойынша да, физикалық тұрғыда да өз титулын қорғай алмайтынын, сондай-ақ соңғы бірнеше айда жаттығу өткізуге және бокспен айналысуға денсаулығы мүмкіндік бермегенін мәлім етті. Осыған сәйкес, Шүменовті «уақытша демалыстағы чемпион» деп атап өтеміз», - делінген онда.

Шүменов-Гуламирян кездесуіне қатысты сауда-саттықты қазақ боксшысының промоутері жеңіп алғаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.


«Сауда-саттықта 821 мың АҚШ долларын ұсынған Шүменовтің промоутері Дон Кинг жеңіске жетті. Бұл, Гуламирян ұсынған тараптың сомасынан 200 мыңға көп. WBA ережесі бойынша, сыйақы Шүменовтің пайдасына 55-ке 45 пайыздық қатынаста үлестіріледі. Осылайша, Бейбіт бұл айқас үшін 451 550 АҚШ долларын, ал оның қарсыласы - 369 450 доллар алады. Сауданың ең төменгі мөлшерлемесі 200 мың доллар болды», - делінген еді «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасындағы ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар