Washington Times: Қазақстан – болашақтың жаһандық қаржы орталығы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күні кеше Американың күнделікті шығатын Washington Times газеті тікелей шетел инвестициясын тарту үшін Қазақстан қандай шараларды жүзеге асырып жатқандығына қатысты мақала жариялады. Онда басылым сарапшысы Л.Тодд Вуд алдағы уақытта Қазақстан Батыс пен Шығыстың түйісіндегі жаһандық қаржы хабына айналу мүмкіндігін жазады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Washington Times сарапшысының пайымынша, тікелей шетел инвестициясы кез келген дамушы экономиканың өмірлік негізі саналады. Инфрақұрылым мен кадрлық ресурстарды дамыту, сол арқылы адамдарға ең қолайлы өмірлік жағдай жасау үшін елдерге шетел капиталын тарту қажет. Процесс қарапайым болмауы да мүмкін. Өйткені мұндай жолда Үкіметке көптеген проблемалармен, заң үстемдігінің жеткіліксіздіімен, жемқорлықпен және капиталды тиімсіз бөлумен күресуге тура келеді.

Орталық Азия – бұл үлкен экономикалық әлеует байқалып отырған әлемнің бір бөлігі. Қытай жаңа Жібек жолын әзірлеп жатыр, пайдалы қазбаларды өндіру де өрлеп келеді. Дегенмен, реттеуші институттарды, капитал нарығы, соттар мен нормативтік-құқықтық актілерді қоса алғанда «өңірдің материалдық емес инфрақұрылымы» кемеліне жеткен деп айтуға келмейді.

Мақала авторының пікірінше, Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру арқылы тікелей шетел инвестициясын тартуға бар күшін салып жатыр. Биыл және келер жылы «Эйр Астананың», мұнай-газ алыбы «ҚазМұнайГаздың» және ұлттық темір жол жүйесінің акциялары осынау дамушы капитал нарығына орналастырылатын болады. Автордың атап өтуінше, Қазақстанның және өңірдің көптеген компаниялары акцияларын жария орналастыру мүмкіншілігін қарастыру үстінде.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Еуразиядағы ең бірінші ағылшын сотымен және арбитраж орталығымен мақтана алады. Ол қызметін ағылшын тілінде жүзеге асырады және қазірдің өзінде Ұлыбританияның құқықтану саласындағы ең білікті мамандарын жалдап отыр.

Сондай-ақ автор қазақ әліпбиінің кириллицадан латынға көшірілуі, жаһандық коммункацияларды жақсартуға бағытталған бастамалар мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының бірегей географиялық орналасуы Қазақстанға шетелден капитал тарту ұмтылысында табысқа жетуге мүмкіндік беретіндігін атап өтеді.


Соңғы жаңалықтар