«Возрождение» аралы адам денсаулығына қауіпті емес - Жандарбек Бекшин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Возрождение» аралының қазақстандық бөлігінде адамзат денсаулығына аса қауіпті инфекция тіркелмеді. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 сәуірдегі Қаулысымен Возрождение аралының қазақстандық бөлігінде және Арал теңізіне іргелес құрлық (жағалау) аумағында эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету және мониторинг жүргізу жөніндегі 2018 - 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспарды іске асыру үшін 11 мемлекеттік орган тартылған. Осы орайда Үкімет тапсырмасымен орындалған шаралардың алғашқы нәтижесі белгілі болды.

«Возрождение аралы мен оған іргелес жерлерде соңғы 25-30 жылда ешқандай инфекциялық немесе басқа да қауіпті эпидемиологиялық жағдай тіркелген емес. 2003, 2006 жылдары экспедиция жасалды және 2008, 2010 жылдары аралға ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның мақсаты - аралдың біздің территориямызға қаупі бар ма, болса оның деңгейі қандай, соны анықтау. Ғылыми-зерттеу нәтижесінде кәдімгі құрлықта кездесетін аса қауіпті оба, сібір жарасы аурулары тіркелді. Яғни Возрождение аралында басқадай эпидемиологиялық қауіп жоқ»,-деді ҚР Бас мемлекеттік санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин. 

Сонымен қатар, бас санитар зерттеу жүргізу барысында аралдан көптеген тұрмыс, металл қалдықтарының табылғанын, яғни полигон жабық болғанымен, адамдардың әртүрлі мақсатпен аралда болғанын айтты. 

«Металл өткізушілер, аралды қызық көріп, барушылар болғаны расталды. Зерттеу нәтижесінде көптеген қалдықтар табылып, барлығы аралдан шығарылды. Және тағы бір айтып кетері - сол адамдардың ешқайсысы қандай да бір қауіпті ауруды жұқтырмаған», -деді Ж.Бекшин.

Баспасөз мәслихатында эпидемиологиялық мониторингпен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының одан әрі жалғасатыны айтылды. Одан бөлек, ҚР Білім және ғылым министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған бұрынғы Возрождение аралының қазақстандық аумағын шаруашылық айналымға енгізуді ғылыми-тәжірибелік негіздеу бағдарламасын бекітті.

Соңғы жаңалықтар