Волонтерлікпен танымал болу үшін айналысқан жоқпын - Бақытбек Әмірхан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 8 желтоқсанда сан-саланы қамтып, қоғамға серпіліс берген «Еріктілер жылы» қорытындыланады. Жыл бойы волонтерлер түрлі салада еңбек етіп, қиын сәтте азаматтарға қолғабыс бола білді. Елімізде коронавирус инфекциясы өршіген кезеңде олар да ерлік көрсетті. Жыл қорытындысына орай қауіпті індет жайлаған уақытта өнер саласына ойысып, ауруханада санитар болып қызмет еткен ерікті Бақытбек Әмірханды әңгімеге тартқан едік.

- Қайырлы күн! Бақытбек, сіздің волонтерлікпен айналысуыңызға қандай бастама себеп болды?

- Елімізде қауіпті індет таралып, қиын жағдай орын алғанда үйде қол қусырып отыра алмадым. Кейін достарымның тұрғындарға қолғабыстық етіп жүрегенін көріп, соларға еріп еріктілік қызметке араластым. Наурыз-сәуір айларында волонтерлер тобында болып, жалғызбасты аналар және жүріп-тұруы қиын қарт кісілерге азық-түлік тасып, көмек көрсеттік.

Сондай-ақ коронавирус жұқтырып, карантинде отырған азаматтарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету маңызды жұмыс болды. Олар керекті азық-түлік тізімін жасап, бізге балкон арқылы ақша береді.

Ал еріктілер олармен жеке қарым-қатынасқа түспей, арнайы медициналық жабдықтар арқылы қажетті заттарды жеткізіп отырды. Барлық жұмысты тегін атқардық.

- Өнер адамысың, бірақ қауіпті індет жаппай тараған уақытта ауруханада санитар болып қызмет еттің. Неліктен өнерден ойысып, медицина саласына баруды жөн санадың?

- Мамыр айында ауруханаға санитар мамандар іздеп жатқанын естідім. Бағымды сынап, барып көрдім. Осылайша, инфекциялық ауруханаға санитар болып қызметке орналастым. Алғашында бізге медицина мамандары залалсыздандыру және жеке қорғану құралдарын пайдалану ережесін таныстырды.

Жұмыс өте ауыр. Қазақта «Әр істің қайыры бар» деген нақыл бар. Осы ұстанымды қызмет барысында естен шығарған емеспін. Кейін бұл салаға да үйрендім, білімімді жетілдірдім. Өнер мамандығы бойынша білім алған соң бұл бағыттан кету қиын. Сондықтан аурухана дәлізінде жүріп, ойымды сергіту үшін ән салатынмын.

Орындаған әнім жабырқау күйде жатқан науқастарға қатты ұнады және күнде менен ән сұрайтын. Өнерімді ата-әжелер жоғары бағалап, бата беретін. Бұл шабытыма шабыт қосты және күнде жұмысқа жаңа әндер дайындап баратын болдым.

Мен атқарған ісімді танымалдылық үшін немесе өзге де теріс пиғылды көздеп жасаған емеспін. Тек менің ауруханада ән айтып жүрген бейнематериалым желіде кездейсоқ тарап, халық тарапынан қолдауға ие болды.

- Бақытбек, ата-анаң инфекцияның өршіген ортасында жұмыс істеу туралы бастамаңа қарсылық білдірмеді ме?

- Олар менің ауруханада санитар болып жұмыс істеп жүргенімді білмеді. Ата-анама бірінші рет жалақы алғанда ғана айттым. Әрине, әр ата-ана бауыр еті баласын уайымдайды. Басында қарсылық танытты, бірақ атқарып жүрген жұмысымның пайдасы көпке тиіп жатқанын көріп, рұқсатын берді.

- Ал қазір қай салада еңбек етіп жүрсің?

- Мен Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжінің түлегімін. Сондықтан үнемі өнер саласындамын. Шығармашылықтан қол үзген жоқпын.

Таяуда «Қазақфильм» киностудиясы «Полигон» атты сериал түсірді. Мен аталған туындының қоюшы-суретшісі болып қызмет атқардым. Алдағы уақытта өнерімді шыңдап, жетістікке жетуді мұрат еттім.

Дегенмен, волонтерлік қызметті қатар алып жүремін. Өйткені бұл сала маған көп өмірлік тәжірибе берді. Осы орайда ел басына күн туғанда халыққа қол ұшын беріп, қолғабыстық көрсеткен еріктілер қауымына алғыс білдіргім келеді.

- Бақытбек Жанатбекұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар