Волонтерлік жұмыс еңбек өтілі ретінде есептеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда волонтерлік қызметті еңбек өтіліне қосу жоспарланып отыр. Бұл жайында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Толықтай алғанда, жоспарда Қазақстанда волонтерлікті дамытудың 7 бағытын жүзеге асыру көзделген. Біріншісі - волонтерлік қызметті дамыту үшін қолайлы ортаны дамыту. Бұл бағыт аясында волонтерлік қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірлеу жоспарланған. Колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу барысында волонтерлік қызметті есепке алу нормасы ұсынылады. Сондай-ақ еңбек өтіліне волонтерлік жұмыс тәжірибесін қосу бойынша да норма әзірлейміз. Волонтерлік қызметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін бағалау әдістемесі жасалады. Ол одан ары статистикалық есептерге енгізіледі», - деді ол елордада өткен Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің отырысында.

Оның атап өтуінше, жоспардың келесі бағыттары волонтерлік қызмет инфрақұрылымдарын дамытуды, оның қатысушыларының әлеуетін арттыруды көздейді. Бұл ретте Волонтерлер жылы аясында өтетін волонтерлік жобаларды үйлестіру үшін бірыңғай жобалық кеңселер мен волонтерлерді қолдау орталықтары құрылады. Волонтерлік қызметке азаматтардың қатысуы кеңейтіліп, корпоративтік волонтерлік жобалар жүзеге асырылады. Волонтерлік саласындағы халықаралық ынтымақтастық дамытылады. Волонтерлер жылының қорытындысында конференция өткізіліп, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы табыс етіледі.

7 бағыт аясында волонтерлік саласын дамыту үшін 7 ұлттық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар