Волонтерлерге оқығанда және жұмысқа тұрғанда жеңілдіктер берілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда волонтерлердің бірыңғай базасы құрылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрағасы Айсұлу Ерниязова Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан қазақстандық-америкалық жастар форумында айтты.

«Жастар жылында біз Алматы қаласында 8 бағыт бойынша іске асырылып жатқан «Ашық жүрек» жобасын жасап шықтық. Оның бірі егде буынды қолдауға бағытталған. Қазақтың салтында аға буын өкілдері шаңырақтың ұйытқысы болғаны беліглі. Алайда, қазір арамызда жас буынның қамқорлығына зәру қариялар бар. Баспанасыз қалған адамдар да кездеседі. Біздің волонтерлер бірінші кезекте осындай адамдарды табуға, олардың құжаттарын қалпына келтіруге көмектеседі. Кейді жалғызілікті қарттарға қонаққа барып, азық-түлік жеткізіп беру, үйін жинастыру сияқты қарапайым шаруаларына қолғабыс етеміз. Ондай көмекке мұқтаж жандар біздің базаға түсіп отырады. Әрқайсына жеке ерікті бекітеміз. Екінші бағыт – көп балалы отбасыларды қолдау. Бұл – біздің демографиялық негізіміз. Барлық ата-ана баласын толық қамтамасыз ете алып жатқан жоқ. Біз мемлекеттік бағдарламалардан тыс қолдау көрсетуге тырысамыз», - деді Айсұлу Ерниязова.

Оның айтуынша, елімізде ерікті топтардың бірыңғай базасы құрылатын болады. «Волонтерлер мүгедектерге көмектесіп тұрғындармен бірге демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізуге, үйсіз жануарларды қатыгездіктен қорғауға, қайырымдылық концерттер ұйымдастыруға атсалысып жүр. Сонымен қатар, Қордың еріктілері оқушылар мен студенттерге шет тілдерді тегін оқыту жобаларын қолға алған. Ал көп балалы отбасылардың балаларына арнап түрлі үйірмелер жүргізеді. Елімізде ерікті топтардың бірыңғай базасы құрылады. Ондағы деректер ерікті болып қызмет еткен жастар жұмысқа тұру үшін түйіндеме өткізгенде немесе оқуға түсу үшін құжат өткізгенде белгілі бір жеңілдіктерге жол ашатын болады», - деді Айсұлу Ерниязова.


Соңғы жаңалықтар