Волонтерлерге қандай қолдау шаралары көрсетіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы үш жылда Қазақстанда волонтерлік ұйымдар саны 3 есеге артты. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, елде волонтерлік қызметке қатысып жүрген азаматтар мен ұйымдар қатары артып, бағдарламалар мен жобалар ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті.

«Соңғы үш жылдың өзінде волонтерлік ұйымдар саны 3 есеге артты. Мәселен, 2019 жылы – 224 болса, 2023 жылы – 680-ге жақындап қалды. Белсенді волонтерлер қатары 4 есеге көбейді, 2019 жылы – 50 мың адам болса, 2023 жылы – 200 мыңнан асқан. Елімізде заңнамалық деңгейде волонтерлерді қолдау шаралары енгізілді. Оның аясында, оқуға тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлік ұйымдарға мемлекеттік мүлікті ақысыз негізде жалға беру қарастырылған», - деді Данияр Қадыров Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Волонтерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында еріктілердің республикалық және 20 өңірлік фронт-офистері өз жұмысын жалғастыруда. Олар жыл сайын 113 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 6 мыңнан астам шара өткізеді.

«Министрлік халықаралық волонтерлікті дамыту саласында бірқатар жұмыс жүргізуде. Үкіметтің тікелей қолдауымен 7 қазақстандық волонтер БҰҰ Еріктілер бағдарламасында жұмыс атқаруда. Мұндай мүмкіндік әлем бойынша 16 мемлекеттің волонтерлеріне ғана қолжетімді. Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде мұндай тәжірибені қолданған алғашқы ел болды», - деп атап өтті спикер.


Соңғы жаңалықтар