Волонтерлерді даярлауға ерекше назар аударып отырмыз - Динара Сәдуақасова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы төрайымы Динара Сәдуақасова Халықаралық балаларды қорғау күніне орай атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеумен айналасады. Балаларды жан-жақты дамытып, олардың көшбасшылық қабілеттерін ашуға көмектеседі. Сонымен қатар, балалардың халықаралық жобаларға, байқауларға, іс-сапарларға қатысуына мүмкіндік береді. 1 маусым- Халықаралық балаларды қорғау күні еліміздегі ең маңызды мерекелердің бірі. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы балалармен тығыз жұмыс істегендіктен, бұл біз үшін айрықша мейрам. Балаларды осындай тамаша мерекемен құттықтап, бақытты балалық шақ тілейміз!», - деп тоқталды Д. Сәдуақасова.

Осы орайда ол «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы жыл сайын саябақтарда балаларға арналған түрлі көңіл көтеретін іс-шаралар ұйымдастыратынын еске салды.

«Биыл еліміздегі карантиндік шараларға байланысты балаларды онлайн түрде құттықтап жатырмыз. Мереке қарсаңыңда «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау салтанаты онлайн түрде өтіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының 2000 оқушысы ұйым қатарына қосылды. Балалардың дамуына қатысты «Оқушыларды психологиялық сауықтыру клубы» жобасы, «Жас Ұланнан кеңес» челленджі, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына қатысты викторина, «Әлемдік мұра» челленджі сияқты іс-шаралар онлайн түрде өткізілді. Алдағы уақытта Абай әндері бойынша каверлер байқауын жариялаймыз», - деді ұйым төрайымы.

Оның айтуынша, Жеңістің 75 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды, инстаграм желісінде викторина өткізу жоспарланып отыр. «Жас Ұлан» ұйымының жанынан құрылған «Jas Ulan Team» оқушылардан құрылған волонтерлер тобы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде іс-түссіз жоғалып кеткен солдаттарды іздестірумен айналысады.

«Барлық мектептерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас ұрпақтың бойында отбасы құндылықтарын қалыптастыру мен дамытуға бағытталған «Өркендеу» жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, балалардың тарихи-мәдени мұраларға, экологияға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Birgemiz: Taza Alem», «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобаларын жүзеге асырып жатырмыз. 19 мамырдан бастап жобаларға волонтерлер іріктеуді бастадық. Тарихи-мәдени мұраға, экологияға қызығушылығы бар 2 000 волонтер іріктеліп, арнайы оқытылады. Өтінім 2020 жылдың 7 маусымына дейін қабылданады. Оқуды сәтті аяқтаған барлық волонтер «Birgemiz: Asyl Mura», «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобаларының волонтерлер қатарына қабылданғанын растайтын сертификат алады.Үздік волонтерлер 2020 жылдың қараша айында Тараз қаласында өтетін қорытынды мерекелік шараға қатысуға шақырылады. Ең үздік волонтерлердің жетістіктері мен тәжірибелері Қазақстанның барлық өңірлеріне таратылатын Үздік тәжірибелер жинағына кіреді», - деп түсіндірді Динара Сәдуақасова.

Онеың атап өтуінше, туризм бағытындағы гид волонтерлермен тарихи-мәдени жерлерде экскурсия жұмыстары жүргізіледі.Тарихи-мәдени нысандар жайлы ақпараттарды көбейту мақсатында волонтерлер арасында wikipedia-ны толықтыру бойынша «Асыл мұра» байқауы, тарихи-мәдени жерлерге қатысты бейнероликтер байқауы ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында плоггингтер, жануарлар үйіне барып көмек көрсету, құстар ұяшығы фестивалі, бірдей іс-әрекеттер күні, «EcoCamp» лагері,ЭкоLife Challenge, «Eco Alem» үстел ойыны, дармарка, биопакет өңдіретін зауыттарға экскурсия жүргізу, «Мен Эко-Волонтер» байқауы ұйымдастырылады.

«2020 жылдың 25 мамырында «Жас Ұлан» ұйымы Жеңістің 75 жылдығына орай «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында Ботаникалық бақ аумағында 75 ағаш отырғызды. Сондай-ақ акция онлайн түрде де іске асырылып жатыр. Акцияға қатысу үшін әр адам үйінің жанына гүл немесе ағаш отырғызып, оны батыр бабаларымызға арнайды. Акцияға Қазақстан бойынша оқушылар белсенді атсалысып жатыр», - деді ұйым төрайымы.


Соңғы жаңалықтар