Волонтерлер шын мұқтаждарға көмек көрсетті – Айгүл Түркина

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Індетпен күрес кезінде волентерлер қандай жұмысты атқарудан да тайынған жоқ. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған қоғамдық бақылаудың БҚО бойынша үйлестірушісі Айгүл Түркина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, волонтерлер шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созды.

Коронавируспен күрес халыққа оңай тиген жоқ. Карантин кезінде дәрі-дәрмек, жағдайы қиын отбасыларға азық-түлік жетіспей жатты. Осындай қиын уақытта Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы жанында бас біріктірген 44 волонтер үш бағытта уақытпен санаспай, жүгіріп жүріп, қызмет атқарды. Ең алдымен келген гуманитарлық көмекті тиісті жеріне жеткізумен айналысты. Екіншіден, дәріханаларға не қажет екендігін біліп отырды. Үшіншіден, ауруханалардағы жағдайды да назардан тыс қалдырған жоқ.


«Қай жерде күрделі мәселе туындаса, соны тез шешудің жолын қарастырып отырдық. Мен өзім «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары ретінде волонтерлік және кәсіпкерлік мәселелеріне жауапты едім. Бұл жұмыс соған дөп келді. Достық үйінен гуманитарлық жүктерді жинау үшін арнайы орын бөлінді», дейді Айгүл Серікқызы.

Ассамблеяның ұйымдастыруымен 13 қайырымдылық керуені жол тартып, 1 мыңнан астам отбасыға 20 миллиондай теңгенің жәрдемі берілді.


Бұл жерде айта кететін жайт, емханалардан, мектептерден және басқа әлеуметтік мекемелерден нағыз көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі алынды. Еріктілер сол жерлерге барып, жағдайды өз көздерімен көрді. Және бір жолғы көмекпен шектелмей, сол отбасыны ұдайы бақылап тұрды. Мысалы, бір үйдегі екі мүгедек жанның сыртқы әлеммен байланыса алмай, оқшау қалған тұсы болды. Міне, волонтерлер оларды назардан тыс қалдырмай, күнбе-күн керектерін жеткізіп отырды.


Тіпті қиын жағдайды көзбен көргеннен кейін жайлы үйлерде тұратын жас кәсіпкерлердің өмірге көзқарасы өзгерді деуге болады.

А.Түркинаның сөзіне қарағанда, волонтерлер қауіп-қатердің ортасында жүрді. Айталық, «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде қызмет атқаратын Серік Мұқашев облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына өз еркімен барып, бір айдай санитар қызметін атқарды. Ол санитар болып қана қоймай, аурухананың ішінен не керектігін біліп, еріктілерге хабарлап тұрды.

Сол секілді мәйітханада әйелдердің қолмен жуып, үлгере алмай жатқанын көрген волонтерлер арнайы құрылғының көмегімен сол ғимаратты тазартып берді.

Сондай-ақ аудандарға барған еріктілер көп балалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылықтарын аяған жоқ. Мысалы, Жаңақала ауданында осындай үш отбасын құдық соғып, ауыз сумен қамтамасыз етті. Сол секілді Сырым ауданы Көздіғара елді мекенінде ауыз су жетіспейтінін көрген жігіттер екі ел құдығын қазып берді. Оның біреуі мектеп балансына берілсе, екіншісі ауыл үлкеніне тапсырылды.

«Біз санитарлық талаптарды қатаң сақтап, күш біріктірсек қана індетті жеңе алатынымызды уақыт көрсетті. Сонымен қатар шет елден келген медициналық құрал-жабдықтарды, қорғаныс құралдарын өзімізде неге сапалы жасамасқа деген ой келді. Алда індеттің екінші толқыны келуі мүмкін, балаларға да қиын тиюі ықтимал деген болжам айтылуда. Сондықтан біз бәріне де дайын болуымыз керек», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Түркина.


Соңғы жаңалықтар