Волонтерлер Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жыл елімізде «Еріктілер жылы» ретінде ресми жарияланды. Бұл он екі айдың оңай болмағаны анық. Волонтерлардың атқаратын күнделікті жұмыс жүгінің өзі жеңіл емес. Ал ғаламды шарпыған пандемия кезеңіндегі қауіппен қоса олардың жауапкершіліктері де артты.

Волонтерлер жылының қорытындысы бойынша мемлекет тарапынан оларды қосымша қолдау жүзеге аспақ. Жаңадан құрылған қайырымдылық ұйымдарына жеңілдетілген несие беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлармен өткен форумда Үкіметке арнайы тапсырма беріп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін қажет қадамдарды атап өтті. Кездесуде волонтерлар да өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, бұл бағыттағы қозғалысты тежейтін қиындықтарға да тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер жылының жабылу рәсімінде Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналғанын атап өтті. «Еріктілік жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет.Осы ретте, барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын. Қоғамға қызмет етуді зердесіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық. Дана Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дәл қазіргі кезеңде ауадай қажет.

Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды.Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік. Барлық аймақта ашылған Еріктілердің фронт-офистерінде маңызды бастамалар көтерілді. Бұл жұмысқа мыңдаған азаматтарымыз атсалысты. Волонтерлер Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті» , деп атап өтті Ел Президенті.

Ал енді осы он екі айдағы жұмысты нақты сандармен саралап шығайық. Биыл еліміздегі тұрақты волонтерлар 2 есеге көбейіп, еріктілердің қатары 100 мыңнан асқан. Ал пандемиямен қарсы күреске жарты миллионнан астам адам атсалысқан. Бір жылда жалпыұлттық жобалардың аясында 7 бағыт бойынша 18 қолдау орталығы, 6 мың дайындық орталығы ашылды. Осы уақыт аралығында 2 мыңнан аса шара өтіп, 1 млн адамға көмек көрсетілген.

Жыл бойы жұмылып, күн – түн демей ерікті болып қызмет еткен еліміз бойынша 100 мыңнан астам азаматтардың бірқатарымен сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға еріктілердің ерен еңбегі туралы волонтерлердің өз пікірлерін ұсынамыз.

Татьяна МИРОНЮК, Ұлттық волонтерлер желісінің басқарушы директоры:

Ұлттық Волонтерлер желісі аймақтардағы 80 еріктілер ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Біздің желі еліміздің 36 қаласында әлеуметтік ұйымдардың жұмысын үйлестірді. Медицина, экология, әлеуметтік және медиа салаларында волонтерлік дамытуға біздің желінің ықпалы айтарлықтай деп сеніммен айта аламыз. Биылғы Волонтерлер жылында Республикалық фронт-офис құрылып, волонтерліктің корпоративті дамуы мен азаматтардың ерікті болып жұмылуына мұрындық болды. Біздің қызмет әрдайым көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс етуге негізделген. Пандемия кезінде қиын жағдайда қалған осал топтағы азаматтарға азық-түлік таратумен айналыстық. Қарттарға маска және антисептик тарату үшін қалааралық логистика жұмыстарын орнаттық. Мектептерге дозаторлар мен антисептиктерді жеткізіп, орналастырып бердік. Біздің еріктілер мектеп оқушыларына төтенше жағдай орын алған кезде қалай дұрыс шара қолдану керек екенін түсіндірумен болды. Еріктілердің жұмыстары ел үшін маңызды, қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашады деп сенемін.

Бірлікбай Ордабаев, волонтер:

Бұл жас ұрпаққа өнегелі шара. Мені танитын жұрт әзілдеп «волонтерлардың ақсақалы» деп атайды. Данышпан Абай:

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман-, дегенінде үлкендердің кішілерге жақсы үлгі істері көп болса деп түйген. Сол себептен де шығар мен де ел бағуға, мал бағуға қайрат керек, одан да қалған өмірімде жұртқа жақсылық істейін деп, ол үшін бір тиын да алмайын деп шештім.

Қазақстанда волонтерлық қозғалыстың дамуына халықаралық ұйымдар да көп үлес қосқанын көріп отырмыз. БҰҰ атынан әлем еріктілері бағдарламасының өкілінің арнайы бейнеқұттықтау жолдауына разы болдым. Қайырымдылыққа, қайсыбір күдік пен жасампаз үмітке толы «Волонтер жылы» да аяқталуға жақын. Алайда мейірім мен ізгі істер тоқтамасына көзім жетті.

Құралай ЖАРҚЫМБАЕВА, Президент ОФ Best for kids, Ұлттық Волонтерлер желісінің үйлестірушісі:

Біздің жұмыс аймақтардағы ұйымдар мен еріктілерді қолдау болып табылады. Халық арасында волонтерлік мәдениетті насихаттап, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, құнды дүниелерді өзіміздің елде пайдалануға ат салысып жүрміз. Жалпы волонтерлікті ары қарай дамытып, оны дәстүр ретінде қалыптастыруда біздің желінің жұмысы ұшан-теңіз. Ұлттық Волонтерлер желісі осы жақсы үрдісті қалыптастырып жүрген көпір деп айта аламын. Президентіміз айтқандай, расында да, жаны таза адамдар ғана жақсы волонтер бола алады. Осы жылы өзім куә болғанымдай, еріктілер– өзгенің мәселесін өзінің жеке ісіндей көретін жаны тазажандар. Елімізде мұндай азаматтардан көптігі қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлардың жарқын істеріне разы болып, өз Жарлығыммен көптеген волонтерлерді «Халық алғысы» медалімен марапаттау соған дәлел.

Олжас МАМЫР, волонтер, журналист, Арыстағы апатта өз еркімен еріктілер штабында болды, Түркістан облысы:

Арыс қаласында апат болған кезде өз еркіммен волонтерлер қатарына қосылып, сол аймақта екі ай жүрдім. Үйлердің құрылысын жүргізу кезінде акт толтыру, тазалық жұмыстарына атсалыстым. Жарылыс болған аймаққа еріктілермен бірге барып, қорықпай жұмыс істедім. Жер-жерден келіп жатқан азық-түлік, су мен тағы да басқа қажетті заттарды халыққа таратуда өз көмегімді бердім. Арысытағы жағдайды көре отырып, «Еріктілер штабын» құруға шешім қабылдадық. Биыл Еріктілер жылында астанамыз Нұр-Сұлтандағы ресми жабылу салтанатқа қатысып, ерікті болудың маңыздылығын айтып өттім.

Данара САРАНОВА, «ACCESS» бітірушілері «ASAA» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біздің ұйым еріктілер ретінде 2007 жылдан бастап жұмыс жасаймыз. Пандемия кезінде тегін дәрі-дәрмек, азық-түліктерді таратып жүрдік. Бізге халықаралық ұйымдар мен жеке компаниялар көмек берді. Биылғы жыл біз үшін сынақ болды. Көптеген жастар төтенше жағдай кезінде еріктілер қатарына қосылып жатты. Еріктілер өз жұмыстарын тегін атқарады. Біздің ұйымға мұқтаж жандар хабарлама қалдырады, сосын біз олардың өтініштерін компанияларға жолдап, керек заттармен қамтамасыз етіп отырдық. Мақтаралдық мұқтаж 10 баланың лагерьде тегін дамалуына мүмкіндік жасадық. Алматы қаласынан 1 млн теңгеге оқушыларға мектепке қажет оқу құралдары сатып алынды. Шымкент қаласында бұл волонтерлік мәдениет жақсы қолдаумен қалыптасып жатыр. Астанамызда болған Волнтерлер жылын жабылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еріктілердің және волонтерлік ұйымдардың бірыңғай реестрі болу керек деп айтты. Бұл ұсынысты мен қолдаймын. Себебі мұқтаж жандар біледі сонда кімге және қайда барып, хабарласып көмек сұрайтынын.

Латиф ПАРПИЕВ, «28 Петель» қоғамдық фондының үйлестірушісі:

Мен өзім мамандығым бойынша дәрігер реабилитологпын. Біздің жобаның мақсаты тегін түрде дәрігерлер мен ата-аналарға 2 жасқа дейінгі балаларға қалай күтім жасау керек екенін үйретеміз. Көбіне сәби ерте дүниеге келгенде бұл ата-ана үшін үлкен стресс болады. Балаға қалай күтім жасауды білмейді. Біздің ерікті дәрігерлер тегін түрде консультация жүргізіп, дұрыс күтім жасаудың әрбір кезеңдерін түсіндірумен айналысады. Өткен жылы дәрігерлер мен ата-аналарға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Павлодар сияқты еліміздің ірі қалаларында «Ерте туған бүлдіршіндердің реабилитациясы» және «Ата-аналар үшін мектебі» атты 15 мастер кластар өткіздік. Пандемия кезінде «28 Петель» ұйымы 3000-нан астам онлайн-консультация жүргізіп, түрлі патологиясы бар сәбилердің ата-анасына көмек берді. Медицина саласындағы волонтерліктің дамуына осылай ат салысып келеміз.


Соңғы жаңалықтар