Волонтер жылы: ҚХА еріктілері 4 бағытта жұмыс жүргізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының еріктілер орталығы «Ашық есік күнін» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ашық есік күнінде ҚХА еріктілер қозғалысының тұжырымдамасы таныстырылды.

«Ашық есік күнінде» түрлі жастағы еріктілер қатысып, өз тәжірибесімен бөлісе алады. Еріктілер жылы барлық облыстарда, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында ҚХА еріктілер қозғалысының орталықтары ашылуда. Оның мақсаты – этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам институттарының волонтерлық қозғалысқа қатысуы. Орталық әлеуметтік бастамалар мен жобалардың бірыңғай алаңына айналады. Еріктілер арасынан үйлестірушілер арнайы бекітілді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова.


Елордалық ҚХА еріктілері 4 бағытта – әлеуметтік, білім беру, спорттық және медиациядағы еріктілік бойынша жұмыс істейді.

«Әлеуметтік бағытқа «Нам только за 60» клубының төрағасы, журналист, ардагерлер қозғалысының белсендісі Татьяна Левченко жетекшілік етеді. Олар әлеуметтік маңызды жобаларды ұйымдастырып, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетеді. Білім беру бағыты – Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының «Возрождение» неміс қоғамы ҚБ төрағасының орынбасары Евгения Гизикке жүктелді. Олар оқушылар арасындағы кәсіптік бағдар, тәлімгерлік және тәрбие институты, білім беру мекемелері жанындағы ҚХА жастар клубтарын дамытады», - деді Л. Құсайынова.

Спорттық бағыттағы еріктілік Қазақстан Гиннесс рекордтар кітабының рекордшысы, белгілі спортшы-палуан Сергей Цырульниковтың жетекшілігіне берілді. Жоба спортшылар мен жаттықтырушыларды бір қауымдастыққа біріктіреді. Олар бірқатар спорт түрлері бойынша балалар үйлеріне, оқу орындарына барып, шеберлік сабақтарын өткізеді.


Медиациядағы еріктілік бағытын медицина ғылымдарының докторы, Қарағанды медицина университетінің профессоры Сәуле Қабиева басқарады. Медиатор-еріктілер медицинада, білім беруде, ТКШ-да отбасылық, еңбек дауларын реттеп, алдын алу үшін қызмет етеді. Медиатор-еріктілер даулы жағдайларды талдап, жанжалдарды шешуге көмектеседі, ымыраласу рәсімдерін жүргізеді.

«Сонымен бірге, елордалық ҚХА Аналар кеңесінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бұл бірлестік әйелдердің құқықтық сауатын арттырумен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесін шешумен айналысады. Салауатты өмір салты бойынша қайырымдылық клубтары, оның ішінде фитнес, йога, ат спорты және «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылық орталығы жұмыс істейді. Аналар кеңесі ҚХА-ның «Қайырымдылық керуеніне», «Мектепке жол», «BI-Жұлдызай» қайырымдылық акцияларына қатысады. Яғни, еріктілер жылы жарияланбай-ақ, елеулі шаруаларды атқарды», - деді Л. Құсайынова.

Сондай-ақ, еріктілер жылы аясында ертең Достық үйінде «Донор күні» қайырымдылық акциясы өтеді. Сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін астаналықтар өз еркімен қан тапсырып, адам өмірін сақтап қалуға және волонтерлік қызметке атсалыса алады.




Соңғы жаңалықтар