Волонтер онкорадиолог Латиф Парпиев: Мен – арманы орындалған адаммын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы пандемия салған жүкті бүкіл ел болып көтеріп, қысылтаяң шақта ел тағдырына бейжай қарай алмайтын азаматтар жұрттан қолдан келген көмегін аямады. Сондай ізгі ниетті ерікті азаматтардың бірі – елордалық оңалту дәрігері, онкорадиолог Латиф Парпиев. Ол жұмыс уақытында тірек қимыл жүйесі бұзылған балаларға көмектессе, бос уақытында шала туған нәрестелерге арнайы киім тоқып таратады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Волонтерлер - нағыз күрескерлер. Мұқтаж адамдарды көрсе, олар ешқашан қалыс қалмайды. Елде былтыр төтенше жағдай жарияланған кезде волонтерлер тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған топтары мен әлеуметтік мекемелерге тамақ пен жеке қорғаныс құралдарын жеткізген еді. Олар қиын жағдайға тап болған адамдарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетті, қалалар арасында материалдық-техникалық байланыс орнатты, уақытша және жұқпалы аурулар орталықтарына түскі ас жеткізді, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына қашықтан оқытуға арналған жабдықтар жинады, мектептерде қауіпсіз орта құру үшін диспенсерлер мен антисептиктер орнатты.

Әлбетте волонтерлардың бұл ісін бір ғана мақаламен қамту мүмкін емес. Біздің бұл мақалаға арқау болған кейіпкеріміз – Латиф Парпиев. Ол – Нұр-Сұлтан қаласының оңалту дәрігері, онкорадиологы.


Дәрігердің күні таңғы жетіден басталады. Латиф күнде әдеттегідей суға түсіп, таңғы асын ішкеннен кейін бірден жұмысына барады. Жұмысында Латиф Дауранұлы таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін тірек қимыл жүйесі бұзылған балаларға көмек көрсетіп келеді. Оларға массаж жасайды, оңалту процесін жүргізеді. «Реанимация және интенсивті терапия бөлімі мен жаңа туған сәбилердің патология бөлімі жағдайындағы балаларды ерте оңалту» - бұл дәрігердің бастамасымен жүзеге асырылған жоба. Оған реанимация мен интенсивті терапия кезіндегі түрлі аурулардың асқынуын алдын-алу шаралары енгізілген.


Карантин басталғанға дейін Латиф Қазақстанның бірнеше қаласында болып, өзінің әріптестеріне шеберлік сағатын өткізетін. Өкінішке қарай, елде Латифтей мамандар аз, сондықтан мұндай іс-шаралар ерекше маңызға ие екенін атап өту керек.

Оңалту дәрігері күніне 10-ға жуық науқасты қабылдайды екен. Таңертең балаларға бұлшық ет жаттығуы мен гимнастика жасаса, түстен кейін консультация өткізеді.


«Дәрігер Латиф Дауранұлына хабарласқаныңыз үшін рақмет! Науқастардың өтінішінің көптігіне байланысты дәрігер сізге жақын уақытта жауап береді» - дәрігерге WhatsApp арқылы хабарласқанда осындай хабарлама келеді. Дәрігер де әрдайым жауап беруге тырысады. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, әлеуметтік желідегі де, мессенджердегі де сауалдарға өзі жауап береді.

Латиф бос уақытында адамдарға көмек қолын созуға тырысады. Ол «28 петель» клубының волонтері. Бұл клуб - адамдарға киім тоқып, шала туған нәрестелерді емдейтін реанимацияға ақысыз жеткізетін жоба.


Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған нәресте шала дүниеге келіп, олардың салмағы мың грамнан төмен болатын көрінеді. Латифтің жүннен тоқыған киімдері балалардың жүйке талшықтарын оятып, олардың оңалып кетуіне көмектеседі.

Латифпен пікірлес адамдардың көбі клубта киім тоқуды үйреніпті. Клубға алдымен жай ғана бақылаушы болып келген дәрігер көп ұзамай балаларды құтқарушылардың қатарына қосылған. Киімді Латиф бос уақытында, үйде, дәмханада, ұшақта тоқи береді екен. «Ақы төлемейді ғой. Осыдан өзіңе не аласың?» деп сұраса, Латиф «қалағанымды» деп жауап береді екен. Қазір ол - «28 петель» клубының вице-президенті.

Латиф сұрақтарға ұстамдылықпен, бірақ әзілмен жауап береді, арасында қалжыңдап қояды. Жылы күні самокатпен жүреді. Саяхаттағанды жақсы көреді. «Зиян шектірме: өмір, өлім мен нейрохирургия жайлы» - бұл волонтердің әрқашан өзімен алып жүретін кітабы.

«Қателік жасамайтын дәрігер жоқ. Бәріміз де қателесеміз. Менің арманым орындалды. Мен өмір сүрумен қатар, өмірдің рахатын сезініп келе жатқан адаммын» - дейді Латиф күліп.


Соңғы жаңалықтар