Волейболшы қызды бетінен ұрған дене шынықтыру мұғалімі жұмыстан қуылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында команда ойыншысына қол көтерген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыстан қуылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатаев мәлім еткендей, №3 мектеп директоры дене шынықтыру пәнінің мұғалімін жұмыстан босату туралы тиісті бұйрыққа 20 желтоқсанда қол қойған.

Бұған дейін Маңғыстау облысында ер адам жарыс кезінде волейболдан қыздар командасының ойыншысын бетінен ұрғаны туралы жазған болатынбыз. Видео әлеуметтік желіде тараған еді.

Маңғыстау облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл оқиға Мұнайлы ауданында жарыс кезінде болғанын және оған қатысы бар ер адам жаттықтырушы емес, Жаңаөзен қаласы N3 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі екенін мәлім етті.

«Ол жаттықтырушы емес. Жарысқа оны ешқандай ұйым жіберген жоқ, ол жеке тұлға ретінде қатысты. Аталған оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтайтын болады», - деген еді басқармадан.




Соңғы жаңалықтар