Волейболдан клубтық Азия чемпионаты: «Алтай» арулары Иранды ұтты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Волейболдан әйелдер арасындағы клубтық Азия чемпионатына қатысып жатқан Өскеменнің «Алтай» клубы алғашқы ойынын жарқын жеңіспен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтай» командасының алғашқы ойыны ала-құлалығымен есте қалды. Әйтсе де, ирандық арулар жарыс иелеріне 3 кезеңде де жол берді. Есеп - 18:25, 16:25, 17-25. Екі команда да кезек-кезек қателіктерге бой алдырып, кездесудің ортасында ғана ес жиды. Ойын барысында «Алтайдың» негізгі ойыншыларының бірі - Алла Богдашкинаның ескі жарақаты сыр беріп, аяғынан баса алмай қалды.

Команданың бас бапкері Юрий Панченко кездесу соңындағы баспасөз мәслихатында ойыншының қашан қатарға қосылатынын айту қиын екенін мәлімдеді.


«Спортшының жағдайы дәрігерлердің тексеруінен кейін ғана белгілі болады. Ойын есебі біздің пайдамызға жазылғанымен, ауыр өтті.  Өз алаңымызда, мыңдаған көрерменнің алдында психологиялық қысым жоғары болады. Қанша дегенмен, бірінші ойынымыз ғой. Қалған ойындарға ширығып шығуымыз қажет» - деді бас бапкер.

Ал орамал таққан ирандық арулардың бапкері шәкірттерінің дене қыздырып үлгере алмағанын алға тартты.

"Чемпионаттың ашылу салтанатынан соң бірден ойын басталды. Оған дейін алаң бос болған жоқ. Сондықтан, 30 минут уақыт қыздардың дене қыздыруына жетпей қалды. Бұл бүкіл ойынға өз әсерін тигізбей қойған жоқ»,- деді ирандық бапкер.

«Алтай» клубы бұл байрақты бәсекеге биыл екінші мәрте қатысып отыр. Былтыр олар жалпы есепте төртінші орынға табан тіреген болатын. Ел чемпиондары «В» тобында өнер көрсетуде. Келесі шешуші ойынды олар 13 шілде күні Тайбей чемпиондарына қарсы өткізеді. Бүгін «А» тобындағы Таиланд командасы қытайлық волейболшыларды жеңсе, «С» тобында Шри-Ланка волейболшылары Вьетнам клубынан басым түсті.

Өскеменде волейболдан әйелдер арасындағы клубтық Азия чемпионаты басталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. ШҚО-да екінші мәрте өтіп жатқан додаға Қытай, Индонезия, Иран, Қазақстан, Таиланд, Шри-Ланка, Вьетнам, Тайбей, Жапония елдерінің ұлттық чемпионаттарында топ жарған 9 команда қатысуда.

Қазақстан намысын жергілікті «Алтай» командасы қорғауда. 

Соңғы жаңалықтар