Волейболдан Қазақстан құрамалары құрлықтық турнирде жеңімпаз атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Волейболдан Қазақстанның әйелдер және ерлер құрамалары Алматыда мәреге жеткен Шақыру кубогының құрлықтық іріктеу турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың соңғы күні қазақстандық құрамалар Қытай Тайпейімен алаңға шықты.

Бірінші партияда тайпейлік қыздар алға кетті. Вячеслав Шапранның шәкірттері оларды қуып жеткенімен, тайпейліктер 26:24 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияға тастүйін шыққан қазақстандықтар ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ. Әсіресе, Екатерина Жданова, Ольга Дробышевская, Алеся Сафронова және Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова шабуыл шебінде жарқырай көрінді. Қазақстандықтар қалған үш партияда 25:18, 25:17, 25:14 есебімен басым түсті.

Мұның алдында осы турнирде австралиялықтарды тізе бүктірген Қазақстан құрамасы маусым айының соңында өтетін Шақыру кубогының финалдық бөлігінде ойнауға жолдама алды.

Игорь Никольченко жаттықтыратын Қазақстанның ерлер құрамасына да тайпейліктер қарсы тұра алмады. Бірінші партияда қазақстандықтар 25:19 есебімен жеңіске жетсе, аса тартысты өткен екінші сет 27:25 есебімен И.Никольченко шәкірттерінің басымдылығымен аяқталды. Үшінші партияны қазақстандықтар 25:20 есебімен түйіндеді.

Мұның алдында Пәкстан құрамасын 3:1 есебімен ұтқан қазақстандықтар сапында Орал волейболының түлектері, шабуылшы Виталий Вориводин, тәжірибелі либеро Қайрат Байбеков ойнады.

Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, еліміздің ерлер құрамасы Шақыру кубогына қатысу үшін жарысты жалғастырады. Енді олар финалдық сайысқа жолдама алу үшін оңтүстікамерикалық іріктеу турнирінде жеңімпаз атанған командамен сынға түседі.

Айта кетейік, Халықаралық волейбол федерациясы биыл Әлемдік Гран-при және Әлемдік лиганың орнына жаңа турнир - Ұлттар лигасын ұйымдастырды. Бұл лигада әлемнің ең күшті 16 командасы ойнайды. Қалған құрамалар оған қатысу үшін Шақыру кубогында сәтті өнер көрсетіп, жолдаманы жеңіп алуы керек. 

Соңғы жаңалықтар