Волейболдан ел чемпионы атағына таласатын командалар анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тараз қаласында ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХ ҚР чемпионатының плей-офф бәсекелері мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жартылай финалда «Тараз» - «Есіл» (СҚО) және «Атырау» - «Буревестник» (Алматы) командалары өзара мықтыны анықтады.

Борис Гребенников жаттықтыратын тараздықтар чемпионатта көш бастап келе жатқан. Алайда жартылай финалдық матчтарда сүрініп, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Сөйтіп күтпеген жерден «Есілге» 2:3, 2:3 есебімен жол берді.

Өткен жылғы ел чемпионы «Буревестник» пен «Атырау» бәсекесі аса тартысты өтті. Бірінші ойында Александр Запеваловтың шәкірттері жеңісті жұлып алды – 3:2. Алайда екінші кездесуде Виктор Козик жаттықтыратын атыраулықтар таразы басын теңестірді – 3:0. Содан кейін үшінші, шешуші ойында «Атырау» 3:1 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Осылайша биыл «Атырау» мен «Есіл» бас жүлдені сарапқа салып, жаңа чемпион анықталады. «Буревестник» пен «Тараз» қола жүлде үшін алаңға шығатын болады.

Өткен жылы «Буревестник» алтын, «Маңғыстау» күміс, «Есіл» қола медальға ие болса, «Атырау» төртінші орынды қанағат тұтқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер командалары арасында «Алтайдың» алты дүркін ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар