Волейболдан BAQ liga: ҚазАқпарат командасы жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған волейболдан журналистер арасындағы турнирде «ҚазАқпарат» ХАА-ның құрама командасы Бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


BAQ liga-ның финалы бүгін елордада өтті. Онда «Хабар» агенттігі мен «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің командасы өзара мықтыны анықтады.

«Хабар» мен «ҚазАқпарат» арасындағы финал өте тартысты өтті және 3 партияға созылды. Оның бірінші партиясында «Хабар» командасы жеңіске жетсе, екіншісінде «ҚазАқпарат» ұжымы басым түсті. Шешуші - үшінші партияда «қазақпараттықтар» 15:12 есебімен жеңіске жетті.

«Хабар» командасы екінші орын алса, үшінші орын «Qazaq radiolary» ұжымына бұйырды. Олар қола жүлде үшін тарыста «Qazaqstan TV» командасынан екі партияда басым түсті.

Еске салайық, журналистер арасында волейболдан Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған турнир 15 маусымда басталған болатын.

BAQ liga-ны «Qazaqstan» РТРК, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қазақстан волейбол федерациясы ұйымдастырды.

Турнирде барлығы 8 команда: «ҚазАқпарат агенттігі», «2-бап. Цензура», «7 арна», «Atameken business channel», «Qazaqstan TV», «Qazaq radiolary», «Қазмедиа орталығы» және «Хабар агенттігі» ұжымдары сайысқа түсті.

BAQ liga 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Мақсаты – Қазақстанның БАҚ өкілдерін біріктіріп, редакциялар арасындағы әріптестік татулықты арттыру.

Бүгінге дейін BAQ liga Қазақстанның ақпарат құралдары арасында футбол додаларын өткізіп келді. Шағын футболдан 8 маусым өтіп, оған еліміздің 40-қа жуық редакциясынан 500-ге тарта журналист қатысты. Енді BAQ liga футболдан бөлек, волейбол чемпионаттарын да қолға алып, тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлайды.



Соңғы жаңалықтар