Волейболдан Азия чемпионаты: «Алтай» өз тобында көш бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Волейболдан қыздар арасындағы Азия чемпионатының топтық кезеңінде еліміздің намысын қорғаған «Алтай» командасы «CMFC» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Чемпионаттың тәжірибелі командасы ретінде «Алтай» Қытайлық Тайбейді оңай жеңетіндей көрінген. Алайда іске келгенде қарсылас команданың тастай қорғанысы алтайлықтарды айтарлықтай терлеткені анық. Бірінші партияның нәтижесі 21:25 есебімен қарсыластардың есесінде кетті.

Екінші сеттің ортасына қарай ойынның беталысы залдағы көрермендерімізді үрейлендірейін деді. Себебі «CMFC» төрт ұпайға алға шығып кеткен болатын. Алайда «Алтай» чемпионаттың көшбасшыларының бірі болғандықтан, оңай беріле салу ойда жоқ-тын. Юрий Панченконың шәкірттері дер кезінде басымдықты жұлып алып, тайбейліктерді екінші партияда 25:18 есебімен артта қалдырды.

Осыдан кейін-ақ «Алтайдың» тасы өрге домалады. Тіпті үшінші сетті 25:13 есебімен айқын жеңіске біртабан жақындады. Төртінші партияда тағы да 25:23 есебімен командамыз қарсыластарын тізе бүктірді. «Алтай» сапында жасындай жарқылдаған Ольга Дробышевская жеңіс голымен кездесуге нүкте қойды. Айта кетерлігі, ұлттық құрамамызды қолдауға облыс әкімі Даниал Ахметов та келген еді.

Ертең сағат 20:00 уақытында «Алтай» вьетнамдық VTV Бин Дьен Лонг Ан» командасымен ойын өткізеді. Бүгінгі күні «Алтай» чемпионаттың «Б» тобында көш бастап тұр.

Соңғы жаңалықтар