ВОЛЕЙБОЛ: «Таразды» кім тоқтатады?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 желтоқсан күні Тараз бен Хромтау қалаларында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында екінші кіші турдың ойындары басталады.

«Тараз» 2014 жылғы чемпионатты көш соңында тәмамдаған еді. Жаңа маусымда бірінші турдан кейін ешкімнен жеңілмей, айды аспанға шығарған «Тараз» 19 ұпаймен көш бастап келеді. Қоржынында 14 ұпайы бар «Павлодар» екінші сатыға көтерілсе, Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылысы» мен «Алматы» командалары 11 ұпаймен үшінші-төртінші орындарды бөлісуде. «Б» тобына (оңтүстік-шығыс аймағы) кіретін осы төрттік Таразда бас қосады. Ендеше, «Таразға» өз алаңында тосқауыл қоюға басқалардың күші жете ме? Алғашқы күні-ақ алаң иелері әлденеше мәрте ел чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары өнер көрсететін «Алматы» командасын тағы да жеңуге тырысып көрмек. Содан кейін павлодарлықтар мен өскемендіктер де оңай шағылатын жаңғақ емес.

Хромтауда күш сынасатын «А» тобындағы (солтүстік-батыс аймағы) төрт команда да көбірек ұпай алып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартуды көздейтіні анық. «Жайық» волейбол клубының директоры Шоқан Кеңесовтің айтуынша, соның ішінде биыл күміс жүлдегер атанған Оралдың «Конденсат-Жайықмұнайы» да бар. Тоғыз ұпаймен әзірге алтыншы орында келе жатқан батысқазақстандықтар бүгін алаң иелері «ТНК «Казхром», ертең «Атырау», 27 желтоқсанда көш соңындағы «Есіл» (Петропавл) командаларымен кездеседі. Игорь Никольченко жаттықтыратын оралдықтар сапында өзгерістер де жоқ емес. Байланыстырушы Роман Хандролин Ресейдің суперлигасында ойнайтын «Газпром-Югра» (Сургут) командасын қолай көрсе, Максим Самарин Өскеменге, Орал волейболының түлектері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Виталий Вориводин «Алматыға», Данияр Нұрмұхамбетов «Атырауға» кетті. Есесіне жасы 39-ға келсе де, шеберлігі мамандардың өзін таңдандырып жүрген байланыстырушы Сергей Щавинский Украинадан қайтып оралды. Украинадан сондай-ақ Василий Тупщий алынды. Сонымен қатар Оралдың екінші командасы «Жайық-Конденсаттан» шабуылшы Бауыржан Хайруллин мен байланыстырушы Әсет Хайруллин қосылды. Бұлар команданы күшейте ала ма, оны біріншілік барысы көрсетеді.

Айта кетейік, «Конденсат-Жайықмұнай» командасында жалақы көңіл көншітпейтіндіктен, мықты ойыншылардың өзге қалаларды сағалап кететіні жергілікті мамандарды қынжылдырып-ақ жүр.

Соңғы жаңалықтар